Қазақ журналистикасының қара нары, ақпарат саласының ақтаңгері, профессор Намазалы Омашұлы - 70 жаста. Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде талай таланттарды шынболаттай шынықтырған, отандық журналистиканы бүге-шүгесіне дейін зерттеген ғалымның мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шараның ашылу салтанатында алыс-жақыннан келген ғалымдар Намазалы Омашұлының сіңірген өлшеусіз еңбектерін тілге тиек етіп, ашқан жаңалықтарын ауыз толтырып айтты. Сондай-ақ кеште ғұлама ғалымның ғибратқа толы кітабының тұсауы кесілді.
Намазалы Омашұлы – қазақ журналистикасының жілігін шағып, майын ішкен ғұлама ғалым. Әсіресе радиожурналистиканың тарихы мен тағылымын терең зерттеді. Оның сүбелі еңбектері арқылы елімізде көптеген шәкірт даярланды. Алаш қайраткерлерінің құнды көсемсөз мұраларын да жан-жақты зерделеді. Ғылыми еңбектері Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде де үлкен резонанс тудырды. Әлемдік биік мінберлерде жоғары кәсіби бағаға ие болды. Парасатты профессор бүгінгі күні де қазақ журналистикасының мәселелерін зерттеуден жалыққан емес.
«Оперативті болғаннан кейін көп жағдайда сөйлем құрау, сөз құрау жағынан кемшіліктер болып жатады. Ал, енді бұрынғы журналистикада басылымдар көп редакцияланатын, сосын дайындықтар керемет болатын... Осы жағынан біз сақ болуымыз керек. Өйткені қазақ журналистикасында қалыптасқан сөз өнеріне мән беру, дұрыс сөйлеу, әдемі жазу деген жақсы мектебі бар болатын. Осы мектепті төмендетіп алмасақ болар еді деп ойлаймын», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғылым докторы, профессор Намазалы ОМАШҰЛЫ.
Журналистік жанпидалықтың қалыбын, үйренетіндей үздік үлгісін көрсеткен Намазалы Омашұлы тәрбиелеген шәкірттерде сан жоқ. Олар да бүгінде дәрежелері жоғары белгілі тұлғаларға айналған.
«Қара шаңырақ саналатын білім ордасы ҚазМУ-ден де, елордамыздың білім ордасы – Еуразия Ұлттық университетінің де журналистика факультеттерін басқарған кәсіби менеджер, мыңдаған студентті түлетіп, томағасын сыпырған бапкер. Бір сөзбен айтқанда, елімізде журналистиканың тұтас бір буынының қалыптасуына зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.
Келелі конференцияның ашылуында ұлғатты ұстаздың соңынан ерген шәкірттері, замандастары мен достары жылы лебіздерін білдіріп, ақ тілектерін арнады. Сый-сияпаттарын табыстап құрмет көрсетті. Бірінен соң бірі мінберге шығып, Намазалы Омашұлы қазақ журналистикасын ғылыми түрде зерттеп, қалыптасуына ерекше еңбек сіңіріп, айтулы үлес қосқан, ардақты азамат, абзал жан, үлкен жүректі адам деген баға беріп жатты.
«Журналистиканың баласы еді, бүгінде данасына айналды. Осыдан 50 жыл бұрын журналистиканың ботасы еді, бүгін атасына айналды. Біздің курс – ерекше курс. Мен осы Намазалымен бірге оқығаныма, бірге жүргеніме Тәңірге тәубе деймін. Сондықтан осындай мәртебені артымыздан өсіп келе жатқан әрбір жас курсқа тілеймін. Айналайын, сендердің орталарыңнан да осындай аталар шықсын! Осындай даналар шықсын дегім келеді», - деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Несіпбек АЙТҰЛЫ.
Құттықтаулар Президент әкімшілігінің, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының тағы да басқа көптеген мекемелер мен белгілі тұлғалардың атынан жолданған хаттармен жалғасты. Жетпістің желкеніне келген ғалымның мерейтойына арналған конференция еліміздің медиакеңістігіндегі жаңа ізденістерге жол ашып, жобалардың қанат қағуына серпін бермек.
«Конференцияда журналистиканың өзекті мәселелері бүгінгі және болашақ даму жолдары ғылыми теориямен тұжырымдалатын болады деп ойлаймын. Бұл біздің факультеттің студентері үшін және профессор оқытушылар үшін үлкен тәжірибе алаңы. Осы жерде өздерінің білімдеріне білім, біліктеріне білік қосады деп ойлаймын», - деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат САҚ.
Намазалы Омашұлы 13 монографияның, 3 оқулықтың, 9 ғылыми-публицистикалық еңбектер мен очеректер жинағының, 9 оқу құралдарының және 300-ден астам ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы. Бүгін тағы бір құнды кітабының тұсауы кесілді.