«Біз біргеміз»: Медеу ауданында 4 мыңнан аса аз қамтылған отбасыға азық-түлік пен қорғаныс құралдары таратылды

21.04.2020 в 03:23

Еріктілер бірінші қажеттіліктегі тауарлар салынған қорапты үй-үйге жеткізді

Almaty.tv

Алматының Медеу ауданы әкімдігі Нұр Отан партиясы бастаған қайырымды істі жалғастырды. Олар бас-аяғы 4 мыңнан аса аз қамтылған және жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, қорғаныс құралдарын берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Еріктілер бірінші қажеттіліктегі тауарлар салынған қорапты үй-үйге жеткізді.

Медеу ауданында бетпердегі тегін тарату 16 сәуірден бері жалғасып жатыр. Бүгінгі күні 140 медициналық маска мұқтаж жандарға таратылған.  Жақсылық жасауға 200 ерікті және 120 көлік жұмылдырылды.

«Біздің ауданда бүгінгі күнде 4 мыңнан астам отбасына бетперде тарату жұмысы жалғасуда. Осы күнге дейін біз 2 мыңнан аса көпбалалы отбасына, жалғызбасты аналарға, зейнеткер қарттарға «Біз біргеміз» акциясы арқасында азық-түлікпен қамтамасыз етіп, бетперде тарату жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Магазинге шығады, сол кезде өзінің денсаулығына зиян келтірмес үшін ол кісілердің денсаулығын қамтамасыз ету үшін акция жүріп жатыр», –  деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос НҰРЛЫБАЕВ.

Ал көпшілік, жағдайларын сұрап, қамқорлық танытқан партия өкілдеріне рахметтерін жеткізді. Бастысы елге төнген қауіптің тезірек сейілгенін қалап отыр.

БЛИЦ:

– Бізді осылай елеп, маска әкеліп беріп жатқандарына рахмет! Осы елдегі болып жатқан жағдайға байланысты көмек беріп жатқанына рахмет!

– Бізді ойлап, хәлімізді сұрап, осындай керек затты беріп жатқанына рахмет! Жемісті болсын! Бәріміз аман болайық! Ауырмайық! Мына қиын жағдай тезірек бітіп, бәріміз аманшылықта болайық!

Айта кетейік, Елбасының тапсырмасы бойынша «Birgemiz» республикалық қоры Алматыны 2 миллион медициналық маскамен қамтыды. Бұл қорғаныс құралы 40 мың мұқтаж азаматқа табысталады. Оның қатарында, мүгедектер, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, ерекше қажеттілігі бар балаларды бағып отырған отбасылар бар.

Жадыра Омаржан, «Алматы» арнасы