Шежіре күнінде ақсақалдар ата тарихын, әулет мұрасын баяндап, ұрпағының жадына сіңіреді
Биылғы Наурыз мейрамы он күндік ғұрыпты қайта жаңартуымен ерекше. Арнайы тұжырымдамаға сәйкес, бүгін 16 наурыз Шежіре күні. Ата-текті анықтап, халықтың түбін тануда бағдар болған бұл жүйе турасында біз не білеміз? Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
«Жеті атасын білген ер-жеті рулы елдің қамын жер,
Жалғыз өзін білген ер-құлағы мен жағын жер» дейді қазақ. Жеті атаны тану арқылы, күллі қазақтың тарихынан сыр шертетін шежіре жүйесі бүгінде тарих ғылымының бір тармағы есебінде қарастырылып келеді. Тарихи, әдеби сипатынан бөлек этникалық мәні де аса жоғары бұл ұғым қазақ тағылымында да айрықша мәнге ие.
«Шежіре дегеніміз не? Шоқан Уәлихановтың өзі айтып кетеді, «Қазақтардың бір ерекшелігі – есте сақтау қабілетінің, мына жадының мықтылығы. Атадан балаға келе жатқан сөздерді дәл сол күйінде өзгертпестен, және сол мағынада тікелей жеткізе білу қасиеті атадан балаға келе жатқан мұра дейді. Сондықтан, шежіре үлкен рөл атқарады», – деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары Әуезхан Шашаев.
Ерте замандарда шежіре тарихын арнайы шежірешілер баяндап отырған. Бүгінде бұл міндет әулет ақсақалдары мен үлкендеріне, мамандар мен шежіретанушыларға жүктеліп отыр. Өзіндік математикалық құрылымы бар бұл жүйені арнайы атап өту де қоғамда қолдау тауып, бүгінгі күн "Шежіре күні" деп бекітілген еді.
«Ел үшін, халық үшін, қазақ халқы үшін өте қуанышты жағдай. Шежіре күні. Бұл енді қарап отырсақ, қазақтың дүниетанымында, қазақтың рухани өмірінде маңызды орын алады. Ал қазіргі кезде шежіре тек қана танымдық, тәрбиелік құрал емес, тарихшылар үшін шежіренің этникалық тарихты анықтауда немесе бір тарихи тұлғаларды анықтауда оның деректік маңызы ерекше», – деді ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев.
Шежіре күнінде ақсақалдар ата тарихын, әулет мұрасын баяндап, ұрпағының жадына сіңіреді. Бір дастархан басында қарапайым әңгіме айтып отырып-ақ атқарылар бұл істің астарында мол тағылым, ізгі тәлім жатқаны айтпасақ та анық.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы