Алматыда ауызсу сапасы қалай қадағаланады

Алматыда ауызсу сапасы қалай қадағаланады
«Алматы су» мекемесінің мамандары халықты таза сумен қамту үшін жылына 70 мыңға жуық сынама алады екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауызсу сапасы тәулік бойы қадағаланады. «Алматы су» мекемесінің мамандары халықты таза сумен қамту үшін жылына 70 мыңға жуық сынама алады екен. Ал, алматылықтар күніне 700 мың текше метр су тұтынады. Бұл сұранысты жабу үшін  қазір қалада екі су сүзу стансасы жұмыс істейді. Жыл соңында тағы біреуі іске қосылады. Мұндай тазарту бекеттері не үшін керек? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтын.

Күнделікті тұтынып жүрген суымыз қалай және қайдан келетінін көбіміз біле бермейміз. Бүгін біз қаланы сумен қамтып отырған Бас су тазарту ғимаратына келдік. Мұнда Үлкен Алматы көлінің суы яғни тау суы тазартылып, сүзгіден өтеді. Ол процесс қалай жүргізіледі? Қазір бірге білеміз.

Тіршілік көзі тұтынушыға жетпес бұрын әбден тазартылады. Тау суы мына дөңгеленген қауыздарға жиналып, осында тұндырылады.

Тұндырылған мөлдір су әрі қарай сүзгі стансасына барып құйылады.

«Сүзгіден өткен су таза су резервуарына барады. Ол жерде суды біз тағы да залалсыздандырамыз. Бұл этап үздіксіз жүреді жалпы 24-те 7», – деді Бас су тазарту ғимаратының инженер-технологы Ұлбосын Бүркітова.

Бірнеше кезеңдік сүзгіден өткеннен кейін су залалсыздандырылады. Залалсыздандыру үшін мынадай арнайы қарапайым тұз қолданылады. Тұз осындай ыдысқа салынғаннан кейін артымызда көріп тұрғандарыңыздай арнайы бөшкеге апарып төгіледі. Сол жерде электролиз процесінен өтеді. Нәтижесінде натрий хлориді алынады. Алынған натрий хлориді сумен араластырылып, суымыз тазартылады.

Жалпы Алматының 40 пайызы таудан келетін өзендер мен 60 пайызы жерасты сулары арқылы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бұл бекет арқылы Бостандық пен Алмалы ауданы су тұтынып отыр. Қала бойынша қазір осы сияқты бірнеше станса салу жоспарланған. Біреуі биыл жыл соңында іске қосылмақ.

«Ол салынып бітетін болса қаланың 35 мыңға жуық, яғни Наурызбай ауданының 35 мыңға жуық тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмек. Ол жерде Қарғалы өзенінде сүзгі стансасы салынып жатыр. Ол сүзгі стансасы дәл қазіргі өздеріңіз көрген сүзгі стансасына ұқсайды», – деді  «АЛМАТЫ СУ» МКК ресми өкілі Ақбота Жылысова.

Судың құрамы халыққа жеткен соң да химиялық-бактериологиялық тексерістен өтіп, сарапталып отырады. Ол үшін мамандар мектеп, емхана сияқты орындардан күнде сынама алады.

«Суды қорықпай қолдануыңызға болады. Себебі тұтынушыларға беретін суды біз сағат сайын тексеріп отырамыз. Егер сәл өзгеріс болса, біз сол жергілікті тексеріп отырған мекемеге хабарласып айтып тұрамыз», – деді химиялық-бактериологиялық зертхана басшысы Күлшат Табаева.

Сондай-ақ мамандар судың кермектігін, түсін, дәмі мен иісін де тексереді.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров