«Ауыл статусын алғымыз келеді»: Алматы облысының тұрғындары саяжайға қатысты мәселе көтерді

20.05.2022 03:27

Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысының айтуынша, саяжайларға инженерлік және инфақұрылымдық жүйені қарастыру жоспарланып жатыр

Almaty.tv

«Ауыл статусын алғымыз келеді». Алматы облысындағы Талғар саяжайының тұрғындары тұрмысымыз тұралап қалды деп бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарық жиі өшіп, жолымыз жасалмайды деген жұрт, қазір тұрғындар өзара қырқысып отыр дейді. Олардың айтуынша саяжайда бірі қазіргі төрағаға қарсы болса, енді бірі қолдайды.

«Ұрлық көп. Ауыл болсақ, халық та тынышталады. Электр жарығын есептеуіш құралымен төлейміз. Біздің кішкентай баламыз бар, тоңазытқышымыз бар, ол күйіп кетті, кім төлейд», – деді саяжай тұрғыны Әсел Айнақұлова.

Тұрақсыз тоқтың кесірінен тұрмыстық техниканың бәрі істен шықты деген тұрғындар суды да сұрап іше алмайтын кез болады дейді. Себебі, төрағаға шағым айтса тіршілік нәрін де өшіріп тастайтын көрінеді.

«Бізде 2 миллион 700 мың қарыз дейді. Ол мүмкін емес халық ондай қарыз болуы. Өйткені біз деген ақшаны төлейміз 26 теңгеден, олар 19 теңгемен төлейді. 7 теңге төраға қалтасынатүседі», – деді саяжай тұрғыны Ерлан Жамалбеков.

Дер кезінде жарықтың ақысын төледік деген жұрт есебін қазіргі төрағадан сұрап отыр. Ал басшы ауылдың біраз мәселесін реттегенін және есеп беруге дайын екенін жеткізді.  

«2019 жылы осы суды мен жалғыз жүріп бітірдім. 2-трансформаторды қойғыздым. 11 жыл бұрын қарызым болған жоқ. Енді 2  әйел келді де. халықты 2-ге бөлді. Бұрынға төраға қашып кеткен кезде, халық  3 ай жарықсыз қалған. Қазір заңды. Осы жердің түгел құжатын қалпына келтірдім», – деді «Талғар» саяжайының төрағасы Гүлшат Әрпейсова.

Кеңдала ауылдық округіне 80 саяжай қарайды.  Әкімнің айтуынша, әр саяжайдың өздері сайлаған төрағалары бар. Сондықтан заң бойынша әкімдіктің араласуға құқы жоқ. Бірақ ауыл статусын алып беру мәселесін облыс орталығына жеткізіпті.

«2 ай бойы біз осы статус мәселесімен жұмыс жасадық. Қанат Алдабергенұлының тапсырмасымен қазір Алматы облысындағы саяжайларға статус беру мәселесі көтеріліп жатыр. Керек ақпараттың бәрі талданып, басшылыққа жіберілді», – деді Кеңдала ауылдық округі әкімі Алмас Нұрдәулетұлы.

«Алматы облысы әкіміне облыс аумағындағы саяжайларға ауыл статусын беру туралы мәселе жолданған болатын. Бұл тек аталған Талғар саяжайына қатысты емес, барлық елдімекенге қатысты. Саяжайларға қаладағыдай, инженерлік және инфақұрылымдық жүйені де қарастырып беру жоспарда бар», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Сәрсеев.

Талғар аудандық коммуналдық бөлімі саяжайдағы жарық мәселесі жиі өшетінін растап отыр. Оған тұрғындардың қарыз болуы себеп дейді. Ал ендігі жарық берешек өтелмей қосылмайтын көрінеді.

Әлібек Шынтемір, Мерйам Исабеков, «Алматы» телеарнасы