Жамбыл облысында үрейленген халық жанармай бекетін салдырмай отыр. Олар ауыл кереберісінен рұқсатсыз салынып бастаған бекет тым қауіпті дейді. Тұрғындар үйіне жақын орналасқан құрылысқа рұқсат берген әкімдікке ашулы. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мерей Бает баяндайды.
Меркідегі Ойтал ауылы тұрғындарының ойы ортақ. Ол – ауыл кіреберісіне салынып бастаған жанар май бекетін салдырмау. Орын тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. Онымен қоса жоғары кернеулі тоқ та төбесінен өтеді екен. Жұрт жақын аралықта Ресейде жарылған жағдайдың қайталануынан қауіптенеді.
«Халыққа да, балаларға да бәріне қауіпті бұл. Дұрыс емес. Жанармай бекеті деген ана 20 метр жерде бар. Соны неге қоспайды. Бұл қауіпті, темір жол жақын, бұл – бір. Екіншіден, десятка өтіп жатыр қасынан, тура түбінде», – деді Ойтал ауылының тұрғыны Манап Бейсенбетов.
Ауылдықтар құрылыс басталған жақын жерде тынығар тоғанның бар екенін айтады. Сондықтан сол тұстан спорт алаңшасын салуды сұраған екен. Бірақ жер бизнес нысанына беріліпті. Ал, жанармай бекетінің иесі әрекетімнің бәрі заңды дейді.
«Рұқсат бар, бәрі келіп тұр. Заңбұзушылық жоқ. Әкім айтты осылай халықпен сөйлестім деп. Балалар алаңқайын соғып берсең, рұқсатымды берем деді. Өзім сөйлесем деді», – деді кәсіпкер заңгері Аңсар Сүлеев.
Ал, округ әкімі болса жер жекенікі болғандықтан, алаңша сала алмадық, бірақ жанармай бекетіне де рұқсат бермедім деп отыр.
«Маған кеп құжаттарын көрсетті, мен сізге айтып отырмын ғой мен ешқандай қол қойғам жоқ, рұқсатымды берген жоқпын. Енді бұл жекеге сатылып кеткен ғой. Бұл кісінің пәленбай шығыны шықты, оған қайтадан Үкімет тарапынан ондай ақша берілмейді ғой», – деді Ойтал ауылдық округінің әкімі Арман Рахымбеков.
Халық шағымынан соң құрылыс тоқтатылды. Бірақ уақытша. Себебі кәсіпкер құзырлы органдарға шағымданбақ.
Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан