Қазақстанда маусым айының әр екінші жексенбісінде Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жеңіл өнеркәсіптің негізгі салаларына тоқыма, тігін, былғары, тері және аяқ киім өнеркәсібі жатады. Осы бағыттағы қызметкерлердің басым бөлігі әйелдер. Бүгінде Алматыда жеңіл өнеркәсіппен айналысатын 42 ірі және орта кәсіпорын бар. Жалпы осы жылғы алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша, Алматыда 217 822 ШОБ субъектісі жұмыс істейді. 2022 жылы алып шаһарда ШОБ-ты қолдауға 42,2 млрд теңге бөлінді. Биыл оңтүстік астанада тамақ, жеңіл, жиһаз және құрылыс өнеркәсібі салаларында 53 кәсіпорын іске қосылды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Үкіметінің негізгі міндеті елдегі жеңіл өнеркәсіпті жаңғырту болып табылады. Осы мақсатта шетелден әкелінетін өнімдерге баж салығын арттыру арқылы отандық өндірушілерді қолдау бойынша бірқатар шара қабылданып жатыр. Сондай-ақ импортты өз өндірісінің өнімдерімен біртіндеп алмастыру бағдарламалары енгізілуде.
Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеусіз. Жергілікті тұрғындардың, әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту болып табылады. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныс та жоғары – азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орынды иеленеді. Сондықтан қарапайым жұрттың қамын ойлаған ел экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсібі саласын дамытуға айрықша басымдық беруге тиіс.
Әлеуметтік-экономикалық маңызы зор бұл саланы дамытуға әлемнің көптеген елдері әлдеқашан түбегейлі бетбұрыс жасаған. Мәселен, жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Португалия, Түркия сияқты дамыған елдерде 12-20 пайызды құрайды. Қытай, Үндістан, Түркия, тіпті іргедегі Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттері табысының қомақты бөлігін жеңіл өнеркәсіп тауарларының экспортынан түсіруде. Соңғы жылдары қырғыз елінің ішкі жалпы өніміндегі жеңіл өнеркәсіп үлесі 30 пайыздан асты. Ал қазіргі таңда Қазақстандағы қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі 1,2 пайызды құрайды.
Өткенді дұрыс таразылап алмай, алдағы күнде жүйелі жетістікке жету қиын. Елдің ертеңгі экономикалық бағдарламаларын белгілейтін бүгінгі «топ менеджерлер» топырақ шашудан жалықпай келе жатқан кешегі кеңес дәуірінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жарты әлемді аузына қаратқаны ақиқат. Сол уақытта Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің тоқыма, тігін, аяқ киім, тері-ұлпан өнеркәсібі салаларында 1 мыңнан астам іргелі кәсіпорындар жұмыс істеді. Олардың ішінде мыңдаған қазақстандықтардың өмір мектебі – сүйікті еңбек ұжымына айналған Алматы мақта-мата комбинатын (АХБК), «Жетісу», Жамбыл аяқ киім кәсіпорындарын, «Большевичка» тігін комбинатын, М.Мәметова атындағы тігін фабрикасын, Қостанай, Семей мауыты-шұға комбинаттарын ерекше атауға болады. Тағы бір айрықша еске салатын бір мәселе, сол уақытта Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің табысы ел бюджетінің 25 пайызын қамтамасыз етіп тұрған болатын.
Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің соңғы ширек ғасыр көлеміндегі тіршілігін саралайтын болсақ, республикамыздың өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі үлесі 1990 жылы 15,8 пайызды құраса, 2000 жылы 2,3 пайызға дейін қысқарып, 2011 жылы 0,1 пайызға дейін құлдыраған. Қазақстан жеңіл өнеркәсібі саласында тек 2016 жылы ғана жұмыс істеп тұрған 79 кәсіпорынның 27 пайызы жұмысын тоқтатқан екен. Жыл ішінде еліміздің тоқыма өнеркәсібіндегі 12 кәсіпорын (33 пайыз), киім тігу өнеркәсібіндегі 8 кәсіпорын (22 пайыз), тері бұйымдарын шығаратын 1 кәсіпорын жабылған.
Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің осыншама тұралауының басты себебі не? Мамандардың да, дуалы ауыз сарапшылардың да бірауызды пікірі бойынша, еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласын тұншықтырып отырған – импорт. Яғни отандық рыноктың шетелдік тауарларға, импортқа тәуелділігі. Арнайы жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша, еліміздегі жеңіл өнеркәсіп тауарларына деген жыл сайынғы сұраныс 5-6 миллиард АҚШ доллар көлемінде болады екен. Осы тауарлардың 97 пайызы импорт есебінен жабылады.
Кезінде жеңіл өнеркәсіп саласындағы ірі де іргелі кәсіпорындарды қасақана тұралатып, олардың жабдықтары мен ғимараттарын көлденең көк аттылардың қанжығасына байлап берген бір жауапты басшы «Осыншама мұнай тұрғанда, бізге киім тігу неменеге керек» деп «көрегенсіген» еді. «Жаманның айтқаны емес, сандырағы келедінің» кері келді. Мәселен, 2016 жылы еліміз бойынша тұтынылған сыртқы киімнің 97 пайызы, аяқ киімнің 96 пайызы, мата-мақта бұйымдарының 60 пайызы шетелдерден әкелінеді. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, елімізге жалпы көлемі 144,3 миллион долларды құрайтын импорттық киім-кешек әкелінді. Олардың 80 пайызы Қытай, Түркия, Бангладеш, Италия және Өзбекстан елдерінен жеткізілген тауарлар көрінеді. Мәселен, осы мерзімде Қытайдан әкелінген киім-кешек өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9 пайызға өсіп, Бангладештен жеткізілген тауарлар 45 пайызға өсіп, 22 миллион долларға жетіпті. Бір ғана Алматы қаласына жеткізілетін импорттық киім-кешектер жергілікті кәсіпорындар шығаратын өнімдерден 18 есе асып түсті. Халық тұтынатын қолғаптардың 93 пайызы, шұлық өнімдерінің 73 пайызы Қытайдан жеткізіліп тұр.
Дүркін-дүркін болса да, Қазақстан Үкіметі ел экономикасындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесін арттыру қажеттігін тілге тиек етіп қояды. Өткен жылы бұл өзекті мәселені еліміздің Парламенті де қарады. Парламент Мәжілісінде «Өңдеу өнеркәсібін, экспортқа өнім шығару мүмкіндігі бар кәсіпорындарды дамыту. Ұлттық «Made in Kazakhstan» брендін дамыту» тақырыбында арнайы отырыс өткізіліп, қордаланған проблемаларды талқылады. Инвестициялар және даму министрлігі жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітіп, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің әлеуметтік тиімділігін арттыра отырып, олардың бәсекелестік қабілетін көтеру тетіктерін белгіледі. Өкінішке қарай, тұралаған жеңіл өнеркәсіп саласының бойына қан жүгіртіп, төрт аяғына тұрғызу мақсатындағы бұл қадамдардың бәрі қауқарсыз болды. «Баяғы жартас − сол жартас» күйінде қалып, жеңіл өнеркәсіп оңалар емес.
Қазіргі таңда еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласында жұмыс істеп тұр деген саусақпен санарлық кәсіпорындардың басым көпшілігі бәсекелестікке қабілетсіз. Бұл реттегі басты мәселе – баға. Отандық кәсіпорындар шығарған өнімдердің бағасы айға секіретіндей, «аспандап» тұрады. Мәселен, Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, елімізге Қытайдан әкелінген шұлықтың әр жұбы – 27 теңгеден болса, жергілікті өнеркәсіп тоқыған әрбір шұлықтың құны – 120 теңгеден, Қытайдан әкелінген әрбір костюм – 4,5 мың теңгеден болса, өзіміздің кәсіпорындарда тігілген дәл осындай костюмдердің құны − 40 мың теңгеден асып түседі. Бұл жерде бәсекелестік туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз.
Сондықтан жергілікті жеңіл өнеркәсіп саласының жұмыс істеп тұрған санаулы кәсіпорындары рыноктағы ашық бәсекелестікке ұмтылмайды. Олар «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» дегендей жол тауып, әртүрлі формалық киімдерді тігу жөніндегі бюджеттік тапсырыстарға бейімделген. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында өткен жылы ғана құрылған Қазақстан Республикасы Жеңіл өнеркәсібі өндірісінің одағы да өзінің қызметінде осы бағытты басшылыққа алып, арнайы киімдер мен әскери киім-кешектер өндірісінде қазақстандық шикізаттың үлесін арттыруға ғана ден қойған.
Шикізат демекші, еліміздің жеңіл өнеркәсібінің еңсесін езіп тұрған күрделі мәселенің түйткілдері де осы шикізаттан туындап отыр. Төрт түліктің құтты мекені болған Қазақстанда тері мен жүн өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Малдың терісі мен жүнінің белгілі бір бөлігі ғана таза шикізат күйінде шетелдерге жөнелтіледі. Көптеген ауылдарда сұраныстың жоқтығынан малдың терісі мен жүні күресінге тасталады немесе отқа жағылады. Осының салдарынан жеңіл өнеркәсіп саласындағы санаулы кәсіпорындардың өзі шетелдің шикізатына тәуелді болып отыр. Олар өнім өндіруге қажетті шикізаттың 85 пайызын сырттан әкеледі.
Қорыта айтқанда, Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің қазіргі ахуалы өте алаңдатарлық жағдайда. Инвестициялар және даму министрлігінің соңғы деректері бойынша, отандық тоқыма және тігін өнеркәсібі ішкі рынок сұранысының 8 пайызын, аяқ киім өнеркәсібі ішкі сұраныстың 1 пайызын ғана жабады. Оның өзі жоғарыда айтқанымыздай, құқық қорғау органдары мен әскерилердің және ведомстволық құрылымдардың тапсырысы бойынша тігілетін арнайы киімдер мен аяқ киімдер болып отыр. Ал халықтың жеңіл өнеркәсіп тауарларына деген жалпы сұранысы импорт есебінен жабылады. Бұл орайда, импорттық тауарлардың халықтың денсаулығына тигізетін кері әсері туралы да айтпай кету қисынсыз болар еді. Қазақстан рыногына жеткізілетін импорттық киім-кешек пен аяқ киімдердің 80 пайызы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен әкелінеді. Ал бұл елдерде шығарылатын өнімнің шығынын азайту мақсатында табиғи шикізаттың орнына химиялық қоспаларды көптеп қолданатындығы жасырын емес.
Тығырықтан шығар жол қайсы? Ол – өзгенің қаңсығын таңсық қыла бермей, отандық киім-кешек және аяқ киім өндірісін дамыту. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласын қарқынды дамытуға қажетті мүмкіндіктер жеткілікті. Ең бастысы, бұл салаға мемлекет тарапынан нақты бетбұрыс жасалып, шы-
найы қолдау көрсетілуі керек. «Орта және шағын бизнес субъектілері жеңіл өнеркәсіпті дамытуға тиіс» деген жаттанды сөзден арылуымыз керек. Ешқандай жекеменшік кәсіпкер алыпсатарлық саудадағыдай бірден табыс бере қоймайтын жеңіл өнеркәсіп (тері өңдеу, жіп иіру, киім және аяқ киім тігу) өндірісін дамытуға қаржы салмайды. Сондықтан, мемлекет отандық жеңіл өнеркәсіп саласын тығырықтан шығару үшін бұл салаға арзан шикізат, заманауи құрал-жабдықтар мен жаңа технологиялар әкелуі керек. Бір кезде Қазақстан жеңіл өнеркәсібін жаһанға танытқан Алматы мақта-мата комбинаты, «Жетісу» аяқ киім фабрикасы сияқты отандық брендтерді жандандыру күн тәртібіндегі басты мәселеге айналуы тиіс.