Осылай деп шағымданған жұртшылық өтінімді өткізе алмай, өткізгендер жауап ала алмай жатыр
42500 теңгеге өтініш беруге арналған электронды үкімет порталы мен телеграм боттар тұралап тұр. Осылай деп шағымданған жұртшылық өтінімді өткізе алмай, өткізгендер жауап ала алмай жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Себеп неде? Әлеуметтік төлемге өтініш берудің жолын жеңілдету үшін жауапты министірлік күні кеше егов порталынан бөлек, тағы бірқатар сайтты іске қосқан еді. Енді олар неге жұмыс істемей тұр?
Елдегі орнаған карантинге байланысты жұмысынан айырылып, кәсібі уақытша тоқтап тұрғандар көбіне Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында көп. Сондай жанның бірі – Гаухар Кентаева. Көпбалалы ана. Бір үйдің жалғыз асыраушысы. Ол 4 ай бұрын қала сыртынан шағын дәмханыны кәсіп ретінде ашады. Адам көп келмесе де, бұған дейін осы арқылы балаларының нанын тауып беріп отырыпты. «42500 теңгені алсам, аз да болса дәмхананың коммуналдық қызметін төлеймін бе», – деген үмітте.
«Кредитім бар, жалға алу құны бар, қалай төлеймін. Қазір өздеріңіз білесіздер, барлық жерді жауып тастады, 18.00-ден кейін бір адам жүрмейді. Сонда біз қалай күн көруіміз керек? Карантин деп жаздық, жабық деп жазып қойдық, көреді де кетіп қалады елдер. Жаңадан бизнесім алға басып келе жатқан кезде, су сепкендей басылды», – деді көпбалалы ана Гаухар КЕНТАЕВА.
Техника тілін түсінбеймін деген Гаухарға біз көмектеспек болдық.
Әлеуметтік төлемге өтініш беру үшін мекемеге барып, кезекке тұрып, құжат жинаудың қажеті жоқ. Барлығы да онлайн түрде жүзеге асады. Дәл қазір кейіпкеріміз Гаухарға онлайн түрде өтінім қалдыруды байқап көреміз.
– Гаухар, әлеуметтік төлем алу үшін қазір сізде 2 жол бар. Біріншісі – компьютер арқылы 42500.enbek.kz сайтына кіресіз. Қазір байқап көрейік. Міне, мұнда сайтқа өтініш берушілердің көп болуына байланысты қазіргі уақытта барлық ресурстар қол жетімсіз деп шығып тұр.
– Менің, біріншіден, компьютерім жоқ, екіншіден, техника тілін түсінбеймін. Онда не істеймін?
– Сұрағыңыз орынды. Компьютермен кіруге мүмкіндігі жоқ адамдар үшін де жағдай қарастырылған. Ол үшін телеграм-ботқа кіріп, өтініш тастасаңыз да болады. Қазір старт дегенді басып көрейін. Міне, мұнда да техникалық ақауларға байланысты боттың уақытша жұмыс істемейтіндігін көруге болады.
Ал, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірінің хабарлуынша, сайт бүгін таңертең іске қосылыпты. Электронды сайтқа кіріп өтінім бергендерден, Гаухар секілді тілін түсіне алмай әбігерге салынғандар көп. Сайттың құрылымы бойынша бір уақытта 20 мың адам ғана кіре алады екен. Одан асса қызмет көрсетуін тоқтатады.
«Дәл қазір сервис штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сайт бүгін қолднасқа қосылды. Сайтқа кіре алмай жатқан тұрғындар араға уақыт салып бірнеше мәрте кіріп, байқап көруіне болады. Төлем алу үшін тұрғындар ол сайттан бөлек мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қоры және электрондық еңбек биржасы сайты арқылы да өтінім тастауға болады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр КОНОНЕЦ.
Әлеуметтік көмекті алатын азаматтардың тізімі екі есеге кеңейтілді. Бұған дейін талап бойынша табысынан айырылған 1,5 миллион азматқа әлеуметтік төлем беру қарастырылса, енді олардың саны 3 миллионға жетті. Төлем алуға өтінішті қала тұрғындары да беріп, алды көмекке ие болып жатыр.
«Бүгінгі таңда 1,5 мыңға жуық мекеме өтінім тастап үлгерді. Ол 4 мыңнан астам қызметкер деген сөз. Барлық арыздар қаралып, тиісті жауаптар жолданатын болады», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.
Мамандар бәрінен бұрын өтініш беруші өз мәліметтерін дұрыс толтыруын сұрайды. Бар болғаны үш бағанды қатесіз толтырсаңыз жеткілікті. Ол: аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмір және карта шоты. Өтінім беруші мен ақша түсетін есепшоттың иесі бірдей болуы тиіс. Мәліметтерді дұрыс толтыру қаражатқа тезірек қол жеткізуге мүмкіндік.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы