|
26.06.2019 | 22:32
3023

Арыстағы жарылыстан мешіттер аман қалды (видео)

Жойқын жарылыстан 9 мешіттің терезесі шағылған

Арыстағы жарылыстан мешіттер аман қалды  (видео)

Әлеуметтік желіде жұрт Арыс қаласындағы жойқын жарылыстан мешіттің аман қалғанын қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Instagram желісіндегі shymgramm парақшасында жарияланған видеода Арыста мешіттің жарылыстан аман қалғаны айтылады.

«Мешіттің бірде-бір әйнегі сынбапты. Ал айналасындағы үйлердің әйнегіне зақым келіпті. Құдайдың құдыретін қара», - дейді видеодағы ер азамат.

Желі қолданушылары видеоны қызу талқылап, Алланың құдіреті шексіз екенін айтып жатыр.

Осы орайда біз Арыс қаласы орталық мешітінің бас имамы Абдукаман Абдукаримге хабарластық. Ол видеодағы кадрда Ысқақ мешіті бейнеленгенін айтады. Бірақ бас имам мешіттің терезі сынғанын атап өтті.

«Бұл мешіттің құрылысы 1990 жылдары басталып, 1994 жылы біткен. Алланың үйі халықтың қолдауымен асарлатып сапалы салынды. Жарылыстан мешіттің терезесі мен есігі сынған. Мешітке қатты зақым келмеген. Арыс өңірінде жалпы 27 мешіт бар. Ал қаладағы мешіттің саны – 9. Жарылыстан 9 мешіттің терезесі мен есіктері сынды», - дейді бас имам.

Сондай-ақ жойқын жарылыстан қаладағы жалғыз провослав шіркеуі де аман қалыпты.

«Шіркеудің шатыры бүлінген. Бірақ шіркеуге қатты зақым келмеген. Таңғаларлық жағдай. Құдайдың арқасы. Шіркеудің жанында мектеп бар. Ондағы барлық терезе қираған. Шатырына қатты зақым келді», - дейді шіркеу қызметкері Дионисий.

Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев Арыстағы мешіттерді жөндеу мәселесі алдағы уақытта талқылатынын жеткізді.

«Жарылыстан бірнеше мешіттің терезі сынды, оны жөндеу керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселені қарастырады», - деді ол.

Әңгіме барысында бас имам Арыс қаласының тұрғындарына қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты.

«Шымкент қаласына Арыстан келген 25 мың адам орналастырылды. Имамдар халықты сабырға шақырды. Қала халқы барынша көмектесіп жатыр», - деп түйіндеді сөзін Бақтыбай Бейсенбаев.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир