|
15.02.2020 | 02:10
6306

Жамбыл облысында қос ауыл ауыз судың азабын тартып келеді

500 ге жуық тұрғыны бар елді-мекендердің күні, қирағалы тұрған жалғыз құдыққа қарап отыр

Жамбыл облысында қос ауыл ауыз судың азабын тартып келеді

Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар жалғыз құдықпен жан бағып отырғандарын айтады.  Сөздерінше, жергілікті билік жағдайдың жай-жапсарына жақсы қанық. Дегенмен ауыз су мәселесін шешуге қауқарсыз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Сөгеті мен Мамай ауылдары тіршілік нәрінен тарыққалы талай жыл өткен. 500 ге жуық тұрғыны бар елді-мекендердің күні, қирағалы тұрған жалғыз құдыққа қарап отыр. Мал да, жан баласы да осы жерден сусындайды. Оның өзі 60-жылдары қазылған, уақытпен ашылады.  Әрі, қатты қысқа қауқарсыз. Мұз қатты дегенше су да жоқ дей беріңіз.

«Мал да, ит те барлығы осы жерден ішеді, ал бұл - ауылдың ауыз суы», - деді бір тұрғын.  

- әкімдік өкілдері қандай да бір уәде беріп отыр ма?

«5-6 жылда болады дейді. Білмейміз бірақ қашан болатынын», - деді тұрғындар.

«Күніне 1 сағатқа ашылады: үлгерсең алып қалдың, үлгермесең келесі күнге дейін сусыз отырасың. 3-4 жыл бұрын аудан әкім 2020 жылы келеді деген су, бірақ күтіп жүрміз, әлі жоқ», - деді келесі бір тұрғын.

Ауылдықтар мүмкін болса әркімге алаңдамай, әр аулаға құдық қазып алар едік дейді. Бірақ, суы тек 150 метрден шығатын тау етегіндегілер үшін бұл - арман ғана. Екі ауылдың арасын есек арбамен жалғаған жандардың мәселесі ақ жағалыларға жақсы таныс. Әкімдік өкілдері биыл 5 ауылға ауыз су апарамыз дегенімен, тізім арасында бұл ауылдар тағы да аталмай қалыпты.

«Халық саны бойынша алдымен үлкен ауылдарды суландырып, содан кейін кіші ауылдарға өткелі жатырмыз. Сөгеті бізде кіші ауылдардың есебінде. Бірақ енді біз республикаға берген жоспарымызда, Сөгеті 2024 жыл,  Жалпақсазды 2025 жылы дайындаймыз деп отырмыз», - деді т. рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Руслан ОРАЗХАН.

Аудан басшылығы алдағы 5-6 жылда аталған ауылдар мәселесін республика тарапына ұсынбақ. Одан кейін ғана қаржы беру-берілмеуі қарастырылады. Ал, оған дейін ауылдағы ағайынға жалғыз құдықтың тілеуін тілеуге тура келмек.

Мерей Бает Олжас Ерғали «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир