Жол сапасына немқұрайлы қарайтын мердігер компаниялар лицензиясынан айрылуы мүмкін

03.03.2020 03:34

Былтыр 118 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген

Motor.kz

Жол сапасын арттыруға бақылау күшейтілді. Тіпті жұмыстарын немқұрайлы орындаған мердігер компаниялар лицензиясынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» Алматы қаласы бойынша филиалының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың айтуынша,  биыл Алматы қалалық мобильділік басқармасымен жол желісі бойынша жұмыстар мен материалдарға сараптама жүргізу үшін 150 млн теңгеге келісімшарт жасалған.

Аталған мекеменің Алматы қалалық филиалының ұйытқы болуымен былтыр 118 шақырым жолға күрделі және 149 шақырым тас жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. Қала жолдарынан үнемі сынама алынып, сапасы арнайы зертханада тексеріледі.

Көп функциялы көлікте жолдың сапасын тексеруге қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Мәселен, мына құрылғының көмегімен тас жолды ұңғылау арқылы бөлшек алынып, ол аранайы зертханаға жолданатын болады.

Зертхана қызметкерлері алынған сынаманы алдымен суға салып, ылғалға төзімділігін анықтайды. Онан кейін пеште 105 градусқа дейін қыздырып, арнайы қалыпқа келтіреді.

«Бұл үлгілерді формаға салып,  мынандай формалар жасаймыз. Оны жасайтын себеміміз – талапқа сай ма, алып екелген асфальттың керіндері талапқа сай ма, сай емес пе, стандартын тексереміз», – деді  "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" РМК зертхана қызметкері Гүлмира АСАНОВА.

«Көшеден алып келген сынамаларды зертханалық сараптама жүргіземіз. Сынамалардың суға қанықққандығын, тығыздығын, битумның мөлшерін анықтап, қортынды жасап береміз», – деді  "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" РМК құрылыс жөніндегі инженері Айдар БЕЙІСБЕКОВ.  

Мәселен, былтыр қала жолдарына екі жүзге жуық тексеріс жүргізіліпті. Жүзге тарта тапсырылған жұмысқа немқұрайлы қарағандар анықталған. Оның 60 пайызы құрылыс жұмысына қатысты болса, қалғаны жер асты жұмысын жүргізу барысында тиісті талаптарды орындамағандар екен.

«Ақауларды уақытында қалпына келтірмеген жағдайда, біз қайтадан шығып қарап, қалпына келтірмеген болса, тапсырыс берушіге, мердігерге жаздық. Кейінгі жұмысымыз архитектуралық басқармаға хат жазу арқылы мердігер компанияның немесе инженерлік қызметтердің лицензиясын алғызуға дейін тырысамыз», – деді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы»  РМК қала бойынша филиалының директоры Мәулен ӘЛІПОВ.

Мердігерлердің жұмыстарына тексеріс жүргізу үшін былтыр ғана құрылған мекеменің алдағы жоспары ауқымды. Биылдың өзінде шаһар жол айрықтарының, 8 аудан бойынша 200 шақырым жолдың күрделі және орташа жөндеу жұмыстары "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" қызметкерлерінің назарында болмақ.

Қуан Нұрақын, Мұрат Тайжан, "Алматы" телеарнасы