Нәубет жылдары ел болашағы үшін еңбек етіп, әр салада «тұңғыш» атанғандар кімдер?
Қай заманда да қазақ қызы- ұлтының намысы, тіршіліктің тұтқасы болған. Бүгінгі дамыған елдің бір іргесі қазақтың қайсар әйелдерімен қаланды. Нәубет жылдары ел болашағы үшін еңбек етіп, әр салада «тұңғыш» атанғандар кімдер? Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басы қазақ жеріне еуропалық мәдениеттің, жаңашылдықтың келген тұсы еді. Сол уақытта қазақ қыздары ағартушылыққа, білім алу мен кәсіп игеруге ден қоя бастады. Ғылым игеруді мақсат тұтқан нәзік жандар әр салада еңбек етіп, қазақ тарихында таңба болып қалды.
«20 ғасырдың 20-жылдары жалпы қазақ әйелдерінің жан-жаққа оқуға түсуі, кейіннен әр ғылым саласында өзінің алғашқы майталмандардың бәрі болып қалыптасуға септігін тигізді. Әр түрлі салаларда қазақ қыздары ғылымға келе бастады. Бұл сол кезеңдегі қазақ қоғамының әйелдер теңдігіне деген ұмтылысының көрінісі болған шығар», – деді Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Ержан Күркеев.
Ел басына күн туғанда ерлермен қатар атқа қонып ел қорғаған, бесігін тербетіп шаңырақтың ұйытқысы болған әйелдер ағартушылық салада да төбе көрсетті. Солардың бірі, һәм бірегейі, қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз – Гүлсім Асфендиярова. Ол белгілі мемлекет қайраткері Санжар Асфендияровтың әпкесі. Ташкенттегі, кейіннен Санкт-Петербургтегі медицина институтын бітірген Гүлсім саналы ғұмырын дәрігерлік һәм оқытушылық қызметке арнаған.
«Қазақ қызы қай кезде де намысымен, өзінің өрлігімен көрсетіп келеді өздерін. Қазақ қызы ең алдымен, қазақтың анасы. Сол ұлттың анасы. Сондықтан да қазақ аналарын құрметтеуге тиіспіз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.
Ал, Алаш арыстарымен иық тіресе жүріп, елді ағарту ісіне бел сыбана кіріскендердің қатарында тұңғыш журналист Нәзипа Құлжанова да бар еді. Нәзипа Сегізбайқызы өзі бас болып, қазақтың тілші қыздарына журналистикада жол салды, Ахмет Байтұрсынұлы жасаған жаңа қазақ әліпбиіне де еңбек сіңірді. Айрықша атап өту керек, сол кезеңде алғаш боп Абайды танытып, елге дәріптеген де қазақтың қайраткер Нәзипасы еді.
«Назипа Құлжанованы айтсақ болады. Яғни, Назипа Құлжанова ол бірінші кезекте, үлкен педагок-ғалым болды. Яғни, Назипа Құлжанова Торғайдағы ең алғашқы қызметі мектеп мұғалімінің көмекшісі болып жүрді. Одан кейін, өзінің өсу барысында Абайдың кештерін өткізді. Сондай-ақ тағы да түрлі журналдарда, атап айтсақ, «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» сияқты журналдарда редакциялық қызметте болды», – деді Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Ержан Күркеев.
«Жер бетінде аналар аман болсын! Азаматтың серігі, азаматтың бүкіл махаббаты қазақ қыздары аман болса... шын мәнінде, қазір қоғамды қазақ қыздары, қазақ әйелдері ұстап отыр. Мен кейде ойлаймын, жер бетінде қазақтың қызынан сұлу, одан ақылды, әдемі қыздар жоқ-ау деп. Аман болыңдар!» – деді «Платиналы тарлан» сыйлығының лауреаты, ақын, драматург Исраил Сапарбай.
Қазақ қызы. Кие мен қасиет қонған осынау қастерлі ат замана тоғысында өз өрлігін, биіктігін жоймай келеді. Уақыт өтіп, дәуір жылжыған сайын ұлттың ұйытқысы болар арулардың тарих сахнасындағы орны биіктей бермек.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы