Алматы облысы Қарғалы ауылының тұрғындары кәріз суының иісіне тұншығып отыр. Күн жылынғалы екі қабат бетперде тағуға мәжбүр болған олар жайбырақат демалудан қалдық дейді. Себебі арам су да, қоқыс та елдімекен іргесіне төгіледі. Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызының бейнематериалы.
Бұл – Қарғалы ауылы тұрғындарын әбігерге салған жер. Айналаның қоқысы мен кәріз жүйесінің шығындысы осында төгіледі екен. Соның салдарынан түрғындар тұншығып жатыр. Мұнда демалудың мүмкін емес екенін өзіміз де көріп тұрмыз.
Тұрғындардың айтуынша, бұл жерге күнде 5-6 жүк көлігі келіп, аймақтың шығындысын төгеді. Ол аздай, малдың өлексесін тастайтындар да бар. Наразылық танытқан халыққа көлік жүргізушілері әкімдіктен алған рұқсат қағазын көрсетеді екен. Өз қамын өзі жеуге мәжбүр ауыл тұрғындары қалталарынан ақша шығарып, мердігер компанияның көлігі өтпесін деп жерді қаздырып тастаған.
«Осы жерде тұрып жатқанымызға 4 жылға аяқ басты. Бірақ осы келгелі бері слив келді. Слив сасық иісі. Бүкіл Қаскелең де қосылатын болыпты. Бұрыннан айтатын осы Қаскелең ауданы, Балқаш ауданы, Фабричный осы жерге келеді. Иісі сасық, мүмкін емес. Біз қанша рет айттық та. Бірақ біздің айьқанымызға құлақ асып жатқан ешкім жоқ», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Баян Шекербайқызы.
Қарғалы ауылында бұдан бөлек ауыз су мәселесі мен жол жағдайы да мәз емес. Талай табалдырықты тоздырған ауыл тұрғындарының шағымына құзырлы мекеме өкілдері міз бақпайтын көрінеді.
Түсірілім тобы барғаннан кейін әкімдіктің өкілдері бой көрсетті. Елдің шағымын телеарна барғанда ғана тыңдады.
- Менің ішімдегі балама бірдеңе болса сен жауап бересің бе?
- Біз тек орындаушымыз, тәте.
- Орындаушы ретінде қара халықтың айтқанын жеткізіңіз.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, 8 гектар бұл жер заң бойынша кәріз шығындысын төгуге арналған. Сондықтан бұл орынды түбегейлі алып тастай алмайды екен. Тек жоспарға сай жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға болады дейді. Ал мердігер ұйым өкілдеріне берілген рұқсатта тек екі көлік өтуге болады. Оның үстіне дәл бұл мәселе бойынша тұрғындардан жазбаша арыз түспепті.
«Заң бойынша, 500 метрдей үй салынбауы керек. (Ал мына жерде салынған үйлердің ара-қашықтығы 500 метр ме?) 500 метрдан жақындау болуы керек. (Оны кім бақылауы керек?) Оның бәрін нетеміз, арыздарын аламыз, шешеміз. (қанша уақытта? Тұрғындарға уақыт берейік) Бір айдың ішінде бұйыртса», – деді Қарғалы ауылдық округі әкімінің орынбасары Темірлан Төлебеков.
Осылайша, әкімдік өкілдері 1 айда тұрғындарға қолайлы жағдай жасамақ. Бұл жер ертеректе жекеменшік иелігіне берілгендіктен, барлығының мәнжайын анықтаймыз деп қайтарды.
Жанар Ғаниқызы, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» арнасы