|
06.10.2020 | 19:51
9284

Алматыда соңғы балалар үйі жабылды

Жалпы елімізде жетімдер үйінің тәрбиеленушілері азаюда

Алматыда соңғы балалар үйі жабылды Almaty.tv

Алматыда соңғы балалар үйі жабылды. Ал, жалпы елімізде жетімдер үйінің тәрбиеленушілері азаюда. Қазір ондай орындарда 4 мың жеткіншек бар екен. Бұл туралы Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин мәлімдеді. Оның сөзінше, осы күні мыңнан астам жұп бала тәрбиелеп алуға кезекте тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зүлфия мен Моррис Гетман 6 жыл бұрын ата-ана атанған. Олар балалар үйінен бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп алған. Тимофей 9 жаста, ал Лилия 7 жаста. Бақытты жұп мұндай шешімді үйленбей тұрып қабылдаған екен. Бөбектерге бақытты балалық шақ сыйлау ерлі-зайыптылардың арманы болғанын айтады олар.            

«Біз бақытты ата-анамыз. Балаларды асырап аларда алдымен Лилияны көрдік. Оған ол кезде 6 ай болатын. Сөйтіп, оның ағасы барын білдік. Бөбектерді бір-бірінен ажыратпайық деген оймен екеуін де асырап алдық», – деді қала тұрғыны  Зүлфия Гетман.

«Біз бұл шешімді ұзақ қабылдадық. Көптеген кітап оқыдық. Моральдық тұрғыда өзімізді дайындадық. Менің ойымша, біз дұрыс шешім қабылдадық. Балалар бақытты. Біздің де көңіліміз орнында», – деді қала тұрғыны Моррис Гетман.

Қазіргі кезде ерлі-зайыптылар бала асырап алғысы келетіндерге кеңес беріп, өз тәжірибелерін бөлісіп жүр. Айта кетейік, жетімдер үйінен бала бағып алуды армандап жүрген жандар үшін арнайы қоғамдық ұйым да бар.

«Бізде асырап алушы ата-аналар апта сайын бас қосады. Сонда біз оларға бала мен ата-ана бір-біріне үйренуіне шамамен 3 жыл уақыт кететінін түсіндіреміз. Өйткені жеткіншек балалар үйінде отбасының не екенін білмей өседі. Сондықтан бөбектерді жанұяға бейімдеу жұмыстары сол балалар үйінде жүргізілуі керек», – деді «Асырап алушы ата-аналар қоғамдастығы» ҚҚ директоры Жанна Ким.

Ал Алматыда осы жылдың қыркүйек айында ғана соңғы жетімдер үйі жабылды. Ондағы балалар арнайы қалашыққа орналастырылыпты.  

«Осы күні Алматы қаласында бір ғана жетімдер үй болған. Ондағы жеткіншектер «Алматы» балалар қалашығына ауыстырылды. Ол жердегі өмір сүру принципі тура отбасындағы жағдаймен тең. Онда балалар өзін еркін сезінеді», – деді қалалық Қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің басшысы Жанна Тасирова.

Балалардың құқығын қорғау бойынша уәкіл Аружан Саин, жетімдер үйінің жабылуына елдегі жомарт жандар септігін көптеп тигізуде дейді. Ал, республика бойынша тастанды бөбектерді асырап алатындар саны артып келе жатқанын айтады.

«2006  жылы елдегі жетімдер үйінде 19 мың 800 бала болған. Осы күні бұл көрсеткіш 4 мыңға дейін төмендеді. Яғни, 15 жылда 5 есе азайған. Алматы қаласыда бүгінде жетімдер үйі жоқ деп айтсам артық емес», – деді ҚР Балалардың құқығын қорғау бойынша уәкіл Аружан Саин.

Әр бала балалық шақтың бал дәмін татуы тиіс. Еш алаңсыз жақсылығымен есте қалатын сәттері көп болуы керек. Осы мақсатта атқарылып жатқан жобалар да аз емес дейді қамқоршылар. Өткен жылы Алматыда 94 бала өз отбасын тапқан. Биыл 25 жеткіншек жаңа жанұяға қосылыпты.  

Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир