Алматыда коронавируска қатысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген

12.02.2020 03:38

Алматының әр емханасында коронавирусты анықтайтын тест бар дейді дәрігерлер

Almaty.tv

Алматыда коронавируска қатысты қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтілген. Емханалар мен ауруханаларда қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер толығымен бар, дейді дәрігерлер, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күллі дүниені дүрліктірген короновирус эпидемиясы әлемде ең алғаш рет 1960 жылы тіркелген. Қауіпті індет көбіне қыс, күз мезгілдерінде таралады. Бүгінде қаладағы қауіпті вирустың алдын-алу үшін балабақшадан бастап, мектеп, жоғарғы оқу орындарының студенттеріне де сақтанудың жолдары белсенді түсіндіріліп жатыр.

«Бүгінде 1 ақпаннан бастап, әуежайлардан 150-ден астам халықаралық рейстер келді. Одан 17 мың жолаушы келіп түсті. 3 ақпаннан бастап, Қытай аумағынан келетін рейстер толық тоқтаталды. Ал, халықаралық рейстен түскен жолаушыларға медициналық тексеру қатаң түрде жүргізіліп жатыр», - деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел КАЛИКОВА .

Қаладағы әрбір емханада вирусты анықтайтын фильтр бар. Құрылғының көмегімен 3 метрден науқастың короновирусқа немесе өткір респираторлық вирустық инфекцияға шалыдыққанын анықтауға болады. Дене қызуы көтерілгенін айтып келген науқастың бойында қандай-да бір қауіпті індеттің алғашқы белгілері анықталса, жұқпалы аурулар инфекциясына жөнелтіледі. Оған қажетті жедел-жәрдем мен мамандар сақадай сай. Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласында короновирусқа шалдыққан науқас тіркелген жоқ.

«Маска тағып, күнделікті гигеналарды орындап жүрміз. Қазір ата-анамызға сақтану жолдарын хабарлап айтып жатырмыз», - деді түрғындардың бірі.

«Өздігімізден ешқандай шара қолданып жатқан жоқпыз. Бетпердені де үнемі тағып жүргеніміз жоқ», - деді келесі бірі.

Сондай-ақ қалада ауа-райына байланысты жедел респираторлық вирус жұқтырғандар саны да өсір отыр. Бірақ мамандардың айтуынша короновирусты әдеттегі тұмаумен шатастыруға болмайтынын айтады. Дәрігерлер, қызуы көтерілген қандай да бір тұрғынның үй жағдайында емделмей емханаға барып дәрігерлерден ем алуын сұрайды.

Аурудың алғашқы белгілері: жөтелу, мұрын бітелу, бұлшық еттер мен буындардың қақсауы, дене қызуының көтерілуі. Адам бір-біріне қарсы тұрып түшкіргенде, жөтелгенде және жеке гигиена арқылы тарайды. Ал, сақтану үшін антисептикалық сабынмен қолыңызды жиі жуып тұруыңыз қажет. Ет, жұмыртқаны барынша қайнатып, пісіріп барып жеген абзал. Және жабайы жануарлардан аулақ болыңыз.

Ұлағат Арғын, Ялкунждан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы