Алматы кітапханалары жұмыстың жаңа форматына көшті

Алматы кітапханалары жұмыстың жаңа форматына көшті
Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қаладағы 23 кітапхана «Шетсіз қала» жобасы аясында қайта жөндеуден өтіп, толық заманауи үлгіде жасалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы кітапханалары жұмыстың жаңа форматына көшті. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қаладағы 23 кітапхана «Шетсіз қала» жобасы аясында қайта жөндеуден өтіп, толық заманауи үлгіде жасалды. Кітапсүйер қауым үшін қолайлы алаң жасау мақсатында қандай шаруалар атқарылды? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Жаңа жиһаз, заманауи жабдықтар, жарық бөлме. Қазақстан жазушылар кітапханасы  қайта жөндеуден өтіп, толық модернизацияланды. Бүгінде оқырмандар қауымдастығының кездесулері мен шеберлік сыныптарын өткізуге ыңғайлы алаңға айналып отыр. Небәрі 4 айдың ішінде жаңа үлгіде жасақталған бұл кітапхана енді 80 мыңнан аса оқырманына есігін қайта ашпақ.

Мұнда жөндеу жұмыстары 2020 жылдың шілде айында басталып, қазір шаруа толық аяқталған. Кітапхананың жаңа дизайны - оқырмандарға уақытты пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, жуырда ғана кітап қоры толықтырылыған. Сондай-ақ, жалпыға қол жетімді интернет пен заманауи технологиялар – компьютер мен интерактивті тақталар да қойылған.  

Қазір бұл кітапханада 60 мыңға жуық кітап қоры бар. Одан өзге, бұрын соңды болмаған балаларға арналған тегін қосымша үйірмелері ашылып, жұмыс уақыты да өзгерген.

«Қазақстан жазушылары мен қаламгерлерімен біз көптеген іс-шара өткіземіз. Олардың мерейтойларын, кездесулер өткіземіз. Осы кісілермен мына пандемияға байланысты көптеген онлайн іс-шаралар өткіземіз. Сондықтан бұл кітапхана қазіргі таңда қаламгерлердің мәдени бас қосу орталығы болып отыр», – деді Қазақстан жазушылар кітапханасының меңгерушісі Елена Ағайса.

Дәл осындай жөндеу жұмыстары 2018 жылдан бастап, шаһардағы 23 кітапханада жүргізілген. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен «Шетсіз қала» жобасы аясында Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен Крылов атындағы балалар кітапханасы жаңартылған. Жалпы мұндай модернизациялаудың басты мақсаты – кітапханаларды көпсалалы орталықтарға айналдыру, дейді мамандар.

«Бұрын кітапханалар классикалық үлгіде болатын. Яғни, кітапхана залдары, абонемент бөлімдері бар еді. Ал, қазір жаңа мәдени кеңістікке айналды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл жер үй мен жұмыстан кейінгі адамдар миын тынықтыратын үшінші орын болып саналады. Бүгінде кітапханалар осы принцип бойынша жұмыс істеуде», – деді қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Наталья Коваленко.

Сондай-ақ, 2020 жылы желтоқсан айында ашылған «ALATAU CREATIV HAB» шығармашылық орталығында келушілерге жаңа кітапхананың жұмысы ұсынылған. Пандемияға қарамастан қаладағы әр ауданда орналасқан кітапхана филиалдарының жаңа үлгіде қайта жасақталуы оқырмандар қауымын қуантуда.

БЛИЦ:

1. Жөндеудің алдында кітапханаға келіп жүргенде жақсы болатын. Ал, қазір тіпті ерекше әсер алып тұрмын. Себебі өте әдемі жасалған.

2. Дамытатын шахмат үйірмесі бар, сосын сурет салуға болады, ағылшын тілін үйренуге болады. Енді ата-аналар да демалады, кішкентай балаларымыз да демалады. Бәрімізге өте ұнайды.

Ал, 2021 жылы №39 балалар және №14 бұқаралық кітапхананың филиалы мен Бегалин атындағы орталық қалалық балалар кітапханасында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Модернизациядан кейін жаңа орындар тек кітап оқитын ана емес, алматылықтар өздерінің шығармашылық әлеуетін іске асыратын қолайлы ортаға айналмақ.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров