Қала бойынша әр салада 20-астам волонтерлік ұйым белсенді жұмыс істеп жатыр
Ерікті болу ермек пе, әлде еңбек пе? Бұл расымен де еңбек, ақысыз, қоғамға адал пайдалы болу нағыз ерлік дейді волонтерлер. Жыл басында еріктінің халықаралық стандарттарға сай өзінің еңбек кітапшасы болуы керектігі туралы ұсыныс айтылған болатын. Осылайша жұмысқа орналасқан кезде оларға басымдық беріледі. Бүгінде елордада студенттердің алды жұмысқа кірмей жатып, еңбек кітапшасында қызметтік жолы басталып та кетті. Толығырақ Almaty.tv Ұлағат Арғын баяндайды.
Сымбат Исмайылбек – жоғарғы оқу орнына түскен сәттен бастап, еріктілер қатарында. Бүгінде топтың белсендісі. Ол волонтерлердің маңыздылығы төтенше жағдай кезінде айқын көрінді деген пікірде. Қоғамға пайдалы болумен бірге, осы салада жүріп-ақ,біраз тәжірибе жинаған.
«Ол кезде топта тұйық қыз едім. Ал, қазір керісінше ойымды ашық айта алатын, бастаған ісімді соңына дейін апара алатын жақсы қасиет бойымда қалыптасты», – деді Сымбат Исмайылбек.
Бүгінде әлем бойынша 970 млн ерікті бар. Әлемдік стандарт бойынша еңбек еткен еріктелердің жұмыс сағаты есептеліп, арнайы еңбек кітапшасына жазылады. Осылайша, студент маман болмай жатып, қызметтік жолы басталып кетеді.
«Мысалы, сіздің жасыңыз 15-те. Еріктілікпен айналысасыз. Күніне 2 сағат болсын, 4 сағат болсын, ол сіздің еріктілер кітапшаңызға жазылады. Ал, ертең сіз маман болған кезде жұмысқа тұру кезінде еріктілердің ерекшелігі көрінеді. Басқа адаммен салыстырғанда, сіздің дәрежеңіз жоғары. Себебі сіз қоғамның игілігі үшін еңбек еттіңіз», – деді қалалық Jas Otan жастар қанаты төрағасының орынбасары Бибінұр Байжігітқызы.
Бүгінде мұндай еңбек кітапшасын республика бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы белсенді еріктілер ала бастады. Бұл олардың жұмыс кітабының аналогы іспеттес. Волонтер жұмыс барысында жинаған тәжірибе мен дағдыларын растайтын бұл құжатты алдағы уақытта басқа өңірлерде де іске асыру жоспарланып отыр.
«Бұл неліктен қажет? Ертең бір жерге барған кезде волонтерлік деген бұл да жеке тұлғалық дамуға көшбасшылық қасиеттерді көрсетуге бағытталған өмірлік мектептің сатысы деп айтуға болады ғой. Сонысын растау үшін біз осындай кітапшаларды оларға береміз. Атқарған жұмыстарын, сағаттарын осында жаздыртып, растап алып жүреді», – деді қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек.
Қала бойынша әр салада 20-астам волонтерлік ұйым белсенді жұмыс істеп жатыр. Республика бойынша ең көп еріктілер де осында.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы