Алматыда демеушілердің көмегімен жағдайы мүшкіл отбасының ескі баспанасы сүріліп, жаңа үй салынды

24.11.2020 03:42

Екінші топтағы мүгедек Татьяна Хам 1929 жылы салынған үйде осы күнге дейін қиын жағдайда өмір сүріп келген

Алматыда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобасы аясында жағдайы мүшкіл жанұяның ескі үйі сүріліп, орнына жаңа баспана салынған. Екінші топтағы мүгедек Татьяна Хам 1929 жылы салынған үйде осы күнге дейін қиын жағдайда өмір сүріп келген. Тұрмысы төмен әрі аурушаң әйелдің өміріне бейжай қарамаған көршілері жағдайдың жақсаруына мұрындық болыпты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Бұл – Алмалы ауданында орналасқан Татьяна Хам есімді азаматша тұратын үйдің осыдан бірнеше ай бұрынғы көрінісі. 1929 жылы салынған үй әбден қабырғасы қақырап, жұпыны күйге түсіп кеткен. Иесі әрі екі баланың анасы Татьяна бір кездері тағдыр тәлкегіне түсіп екінші деңгейлі мүгедек болып қалады. Жағдайы мүшкіл жанұяға аудан әкімдігі мен демеушілер бірігіп жаңадан баспана салып берген. Жаңа үйге отбасы енді ғана қоныстаныпты.

«Жаңбыр жауған кезде шатырымыздан су ағатын. Қабырғалар да үгітіліп бір қабат сылақпен әрең тұрған еді. Ал қазір бәрі жаңарып, төбеміз биік бола түсті. Жылы, жайлы, енді қорықпай өмір сүруге болады», – деді қала тұрғыны Татьяна Хам.

«Балалар қалай қуанып жүргенін білсеңіз ғой?! Әсіресе немере қызым кең әрі әдемі үй салынғанына риза. Біздің жағдайымызды ескеріп қол ұшын созған азаматтарға шын жүрегіммен алғысымды айтамын», – деді  анасы Варвара Тен.

Мұндай игі бастаманың жүзеге асуына Татьянаның көршілері себепші болған. Бір көшенің бойында тұратын 10 шақты тұрғын Алмалы аудандық әкімдігіне кейіпкердің қиын жағдайы мен үйінің апатты дәрежеде тұрғанын айтып арыз жазыпты.

«Енді біз бұл кісіге көмек ретінде көршілер көмек көрсетпекші болдық. Содан әкімшілікке арыз жаздық. Сондықтан әкімшілік келіп көмек көрсетіп, шешім қабылдап комиссия келіп содан үйді снос жасады. Үйді екі жарым айдың ішінде жақсы, әдемі етіп үй тұрғызып берді», – деді көршісі Рәтбек Сыдықов.

Сондай-ақ, жанұя қажетті азық-түлікпен қамтылып, кәмелетке толған баласы «Еңбек» бағдарламасымен жұмысқа орналастырылған. Бұрын қыс мезгілінде үйді жылыту бір мұң болатын дейді Татьянаның анасы. Қазір енді от жағып әбігерге түспейді.

«Кәсіпкерлердің қолдауымен ескі үй сүріліп апаттағы 1929 жылы салынған үй. 35 шаршы метр алаңы бар. Қазіргі кезде бүкіл коммуналдық жүйелері қосылған. Сонымен қатар, газ желісіне де қостырттық», – деді Алмалы аудандық коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Мәди Қыдыров.

Қайырымды жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолға алыныпты. Биыл аудан бойынша осы сияқты тағы бір отбасыға көмек көрсетіліп, кәсіпкерлердің қолдауымен көпбалалы отбасы баспаналы болған.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы