Алматыда «Отбасы күні» мерекесі аясында қандай іс-шаралар өтті

14.09.2021 в 03:42

Өнегелі отбасы – қоғамның айнасы, елдің мығым қабырғасы іспетті

Өнегелі отбасы – қоғамның айнасы, елдің мығым қабырғасы іспетті. Демек, жарасымды отбасылар, тамырлы әулеттер қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Алматыда «Отбасы күні» мерекесі аясында демалыс саябақтары мен Қуыршақ театрында спорттық сайыстар өтіп, мәдени шаралар ұйымдастырылған болатын. Әріптесім Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.

Өткен демалыста Әуезов ауданы әкімдігі «Отбасы – елдің тірегі» атты сайыс өткізіп, мерекенің шырайын кіргізді. Карантиндік шектеулерге байланысты ұйымдастырушылар бұл байқауға тек 5 жанұяны қатыстырыпты. Олар қашықтыққа жүгіріп, түрлі спорттық шараларға қатысса, балалар викториналық сұрақтарға жауап берді.

«Біздің ұрпағымыз – біздің болашағымыз. Биыл үлкен мереке, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Сондықтан бақытты отбасылар бізбен бірге осындай көп шара өткізіп жатыр. Айтарым, бірінші байлық – денсаулық. Мына індет бізден кетсін», – деді Әуезов аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Бәтима Ибраева.

Бүгінде Әуезов ауданында 300 мыңнан астам тұрғын болса, соның 4 мыңға жуығы көпбалалы отбасы. Сайысқа қатысушы ата-аналар мұндай сайыстардың ендігіде қалалық деңгейде өткенін қалайды.

«Барлығы өздерінің талантын көрсетті. Викториналық сұрақтар болды. Барлығы да жауап берді. Өте қызықты өтті. Мұндай іс-шаралар аудан аралығында өткенін қалаймыз», – деді ата-ана Жанар Сейілбекова.

Қаладағы мереке мұнымен толастамай, қуыршақ театрында да жалғасты. Мұнда балаларға арналған түрлі шеберлік сағаттары өткізіліп, ойындар ойнатылды.

«Мұның басты мақсаты –  отбасы құндылығын насихаттау. Яғни, Отан отбасынан басталады дейді ғой. Ал, отбасының құндылығы – балалар. Олардың қаншалықты білімді болып өсуі мемлекеттің дамуына тікелей әсер ететін бағыттың бірі болып саналады», – деді қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.

Одан бөлек, театр ұжымы балаларға 2 күн қатарынан «Қызыл телпек», «Алтын балапан» сынды сахналық қойылымдар ұйымдастырып, тегін өткізді.

Мерей Қанапиянов, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» арнасы