Карантин: Алматыда онлайн курстардың саны артты

14.04.2020 03:42

Әлеуметтік желілердегі тегін жүргізілетін онлайн-оқыту жобаларына қосылсаңыз болғаны

Almaty.tv

Карантин уақытында үйде отырып, алтын уақытыңызды тиімді өткізуге болады. Үй жағдайында интернет арқылы әр алматылықтың өзін-өзі дамытуға мүмкіндігі мол. Ол үшін әлеуметтік желілердегі тегін жүргізілетін онлайн-оқыту жобаларына қосылсаңыз болғаны, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Карантин кезінде  мәдениет саласының майталмандары өнерлерін сахнада емес, онлайн форматта көрсетіп жатыр. Мәселен, видео арқылы күй тартумен бірге, көрермендерін онлайн-оқуға шақыруда. Бар мүмкіндікті қала тұрғындары өз пайдасына асырса болғаны. Үйде отырып-ақ, гиатара тартып, фортепиано ойнауға, сондай-ақ, ән айтып, түрлі өнерді игеруге мүмкіндік мол.

«Мен вокалдан онлайн сабақ беремін. Сондай-ақ, біздің музыкалық мектеп онлайн түрде фортепиано, гитара және домбырадан да сабақ өтеміз. Ал, тікелей эфирді кез келген көрермен тамашалап, сұрақ қойып, тегін сабақ ала алады. Тіпті, музыкадан хабары жоқ жандар да қызығушылық танытса, бәрін үйретуге дайынбыз», – деді әнші Диана ШАРАПОВА.

Диана Шарапова Алматыда карантин енгізілгелі бері 300-ге жуық балаға музыканың қыр-сырын үйреткен. Ол қазір үйде отырған қалалықтарды осылай онлайн оқуға шақырады. Тек «Алматы Creative» парақшасына тіркеліп, күн сайын сағат 14:30-да фортепиано, 17:00-де вокал, 19:00-де гитара сабағына қатысуға болады. Онлайн-оқу арқылы қысқа мерзімде музыкалық білімге қаныққан көрермендер, бос уақытты осылай тиімді өткізу қажет деп санайды.

Блиц:

1. Осы сабақтардың арқасында мен білмеген тағы да басқадай вокалдық шеберліктің қыр-сырларын білдім. Сондықтан сіздерге алғысым шексіз.

2. Я посмотрела видео-урок, как управлять временем. Мне очень понравился этот видео-урок. Я обьязательно применю все советы в жизни.

Ал, домбыраның құлағында ойнау – қазақ халқының қанында бар құбылыс. Ақын Қадір Мырзалиев та  «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер жырламаса керек. Үйде карантин жағдайында отырған әрбір қазақ күй өнерін де онлайн игеріп, барлық концертті желілерде тамашалауға болады.

«Мен өзім 12.30-да домбыра сабағын бастаймын. Қызығушылық бар. Өйткені біздің 80-100-дей оқушымыз кіріп, тамашалап отырады. Сіз де солардың біреуі бола аласыз. Бұл, әрине, тегін және де осындай біздің елде қиын кезде уақытыңызды бос өткізбес үшін өзіңізді өнер жолында шыңдай аласыз», – деді домбырашы Әрсен КЕНЖЕҒАЛИ.

Сондай-ақ, мектеп жасындағы балалар онлайн: шахмат, сурет салу және өзін-өзі дамыту бойынша әлеуметтік желілердегі видео-сабақтарға қатысу арқылы білімін жетілдіруге болады. Алдағы уақытта қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, оқушылардың өресін кеңейтетін онлайн жобалар мен ересектерге арналған пайдалы онлайн курстар саны арта түсетін болады. Тек, үйдегі уақытыңызды дұрыс пайдалансаңыз болғаны.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы