Алматыда дезинфекция жұмыстарының жетінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
COVID-19 инфекциясының жолын кесу үшін жергілікті әкімдік барлық тиісті шараларды қолға алған. Карантин басталғалы алматылық мамандар әр кезең сайын 8 мың 500 үй мен 23 мың кіреберіс және 4 мыңнан аса ауланы өңдеп жатыр.
«Күн сайын бес жүзге жуық адамнан құралған 70 бригада аулалар мен кіреберістерді залалсыздандыруға шығады. Күніне 70 мың литр дайын ерітінді қолданылады. Жалпы, жұмыс басталғаннан бері миллион литрдан астам дайын ерітінді жұмсалған», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан ОТЫНШИЕВ.
Дезинфекция жұмыстары тұрғын үйлер мен аулалардан бөлек қаладағы барлық қоғамдық жерлерде жүргізіледі. Бүгінгі таңда мамандар үш миллион шаршы метрге жуық көше мен жарты миллион шаршы метр жүргінші жолдарын залалсыздандырды. Оның ішінде аялдамалар, көшедегі қоқыс жәшіктері мен контейнер алаңдары да назардан тыс қалмайды.
«25 наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін, бекітілген кестеге сәйкес, тұрғын үй қорының жалпы алаңдарын күн сайын дезинфекциялау, соның ішінде іргелес жатқан аулаларды өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Лифтілер, кіреберістер мен есіктер сынды тұрғындар көп ұстайтын жерлер. Күн сайын 1 дезинфекциялаушы, 5 бригадир және 3 жүргізуші жұмылдырылған», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жандос ТӘКІБАЕВ.
Негізгі басымдық тұрғын үй кешендеріне берілген. Арнайы техникамен қамтамасыз етілген мамандар Наурызбай ауданының барлық аумағын дезинфекциялап жатыр. Мәселен, бүгінгі жоспарда балалар ойын алаңы.
Ал, тұрғындар, өз кезегінде дезинфекия жұмыстарының сапалы жасалғанын өздері де қадағалап жатыр. Себебі жауапкершілік пен тазалық шаралары барлығына ортақ іс.
БЛИЦ:
– Біз белсенді қартпыз, біз жай ғана қадағалап қоймаймыз. Әрине, шағым жоқ. Жақсы балалар. Барлық жерге тазалық жүргізді. Сондықтан бәрі риза.
– Әрине, біз осы шараның барлығын ұйымдастыратын қала әкімдігіне, қаланың Тұрғын үй инспекциясына алғыс білдіргіміз келеді.
Бұған дейін қала ішіндегі үйлерді дезинфекциялауға қарапайым су пайдаланады деген қауесет те тараған еді. Бірақ мамандар дезинфекциялық құралдар ұлттық сараптама орталығында тексерілетіндігін айтты. Сондықтан әлеуметтік желіде желдей ескен ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ескертті елге. Айта кетейік, залалсыздандыру жұмысының сегізінші кезеңі 20 сәуірде басталады.
Арнат Дүйсен, Мейрам Исабеков «Алматы» арнасы