Бағдарламаға 70 мың қазақстандық қатыса алады
Ертең 23 мың қазақстандық жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алуға шақырту алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмас Ыдырысов мәлім етті. Ал отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова өтініш беру үшін кезекке тұрып, банкке келудің қажеті жоқ, өтінім онлайн форматта қабылданады деді.
«Аталған бағдарламаға қатыса алатын 70 мың қазақстандықтың 17 мыңына «Отбасы банктің» атынан хабарлама жіберілді. Ертең тағы 23 мың азаматқа жалға берілетін тұрғын үй субсидиясын алуға шақырту хабарламасы жіберіледі. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы түскеннен кейін субсидия беруді бастаймыз», – деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіде пәтер алу байқауында жеңімпаз атанған шымкенттік мемлекеттік қызметкерлерге қатысты да сөз болды. Қолданушылар тізімнен аудан әкімі және оның туыстарының, бөлім басшылары мен ірі кәсіпкерлердің аты-жөнін тапқанын алға тартты. Ал Алмаз Ыдырысов әкімдіктен ол адамдарды жазалауды сұрапты.
«Несиелік қаражат есебінен салынып жатқан тұрғын үйлер бағдарлама шарты бойынша «Отбасы банк» арқылы жүргізілуі тиіс екенін айтқымыз келеді. Шымкент қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілер арасында конкурс өткізіп, «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер беруі бағдарлама шартынан ауытқу деп саналады. Қалалық әкімдікке шешімін қайта қарап, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды ұсындық. Бұл мәселе бақылауда болады», – деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің басшысы Алмаз Ыдырысов.