Репрессия құрбандарының есімі анықталып жатыр

08.09.2021 в 03:43

Егер жазықсыз жапа шеккен жандар жайлы тарихи құнды ақпаратыңыз болса, экранда көрсетілген нөмірге хабарласа аласыз

Қазақстанда қаза тапқан репрессия құрбандарының есімі анықталып жатыр. Бұл туралы бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында айтылды. Кездесуге Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров төрағалық етті. Тарихшылар, археологтар мен ғалымдар Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы мұрағат пен облыстық архивтерден ұмыт саяси құрбандардың тергеу істерін қайта қарап, боздақтарды ақтап алуға ат салысуда, деп хабарлайды Almaty.tv.

Арнайы комиссия былтыр қараша айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен құрылған еді. Олар қуғын-сүргін кезінде сотсыз-тергеусіз айыпталып, өмірі қиылғандарды ақтау жолында еңбек етуде. Мамандар Әулиеата, Түркістан, Маңғыстау  өңірлері мен Сырдария маңындағы көтерілістерді зерттеп жатыр. Наразылыққа шыққан мыңдаған адамның ол кезде «халық жауы» атанып, жақындарының қудаланғаны белгілі.

«Материал өте көп. Ақталғандар да бар, біз олардың есімін білеміз. Онымен қоса қолымызға алғаш рет түсетін істер де жиі кездеседі. Оларды комиссияның қарауына береміз. Біздің негізгі жұмысымыз  – мұрағаттарды зерттеу, жазықсыз жазаланғандардың есімін анықтау», – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия тобы басшысының міндетін атқарушы Алмажан Өтеғалиева.

1929 жылы Сырдария округінің Бостандық ауданында наразылыққа шыққан шаруаның 181-і сотталса, 82-сі ату жазасына кесілген. Ал, 1930 жылы болған Созақ көтерілісінде 316 азамат қаза тауып, 276-сы тұтқындалды. Ресми құжаттарға сәйкес, 1929-31 жылдар аралығында Қазақстанда осындай 372 шаруалар көтерілісі болған.

«Маңғыстаудағы адайлардың көтерлісі туралы істі қарадым. Оның ішінде 21 адам ату жазасына кесілген. Ал, 70-тей адам әртүрлі уақытқа, мерзімге жер аударылған. Болмаса түрмеге жабылған. Бұл, әрине, өте қомақты іс. Оны бірер айдың ішінде аяқтап тастауға болмайды. Сондықтан қазір жұмыс жүріп жатыр», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Болат Жұмағұлов.

Ел жадында жүрген 19 комиссардың ісі де түбегейлі зерттеуді қажет етеді дейді тарихшылар. Оқ құшқан зиялылар Боралдай маңында жерленген деген болжам бар.

«Бұл 19 комиссар – елдің басшылары. 19 саланың басшылары бір күнде атылған. Егер шын мәнінде сол жерде 19 комиссар жерленген болса, соны қазып көруіміз керек. Оның біреуі Ұзақбай Құлымбетов деген біздің үлкен қайраткеріміз. Оның қызы Орынша апай, міне, қазір ортамызда отыр. Оның ДНК-сын зерттеп, нақты жұмыс істер едік», – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссияның мүшесі Әнес Ғарифолла.

Саяси қуғын-сүргіннен құрбан болғандардың саны әлі де белгісіз. Мамандардың жұмысына кез келген азамат өз үлесін қоса алады. Егер жазықсыз жапа шеккен жандар жайлы тарихи құнды ақпаратыңыз болса, экранда көрсетілген нөмірге хабарласа аласыз.   +7 (727)398 58 22}

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Теги: ашаршылық