«Халықтар достығы», «этносаралық татулық», «ауызбіршілік», «ұлт пен ұлыстардың ынтымағы». Бұл ұғымдардың мән-мағынасы қашанда маңызды. Қазақстанда мекен еткен ұлт өкілдерінің тату-тәтті тіршілігі – біздің мемлекеттік саясатымыздың басты бағыты. Елімізде осының бәрі іс жүзінде жүзеге асып, күнделікті тірлік-тынысымыздың көрінісіне айналып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бауырмал қазақ халқымен бір нанды бөлісіп жеп, бір үйдің баласындай етене араласқан ұйғыр халқы бұл мейрамды ерекше атап өтеді. Жылда ұлан-ғасыр той тойланатын бұл мереке биыл да пандемия жағдайына байланысты отбасы ішінде, туыстар арасында ғана аталып өтіп жатыр. Соған қарамастан Алматыдағы ұйғыр этномәдени орталығы киелі мекеннен пана тауып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандарын ұмыт қылмай, ынтымақ күніне ерекше дайындалыпты. Ұлттық ас әзірлеп, мол дастархан жайып, ұлттық дутар аспабында ән шырқалды.
Ұйғырлардың ұлттық ас-тағамдары бүкіл Қазақстан халқының сүйікті тағамына айналған. Қазақ елін өз үйім деп санайтын әрбір отбасының дастарханынан осындай қолдан пісірілген нан табылады. Менің қолымда 4 түрлі нан бар. Мынау ең астындағы көлемдірек болып пісірілген нан Тону нан деп аталады, пияздан жасалады. Одан кейінгі жіңішкелеу пісірілген нан Питы деп аталады. Ол ашытқысыз жасалады. Ал оның үстіндегі мына нанды Ирды дейді ұйғыр халқы. Оның бетіне күнжіт себіледі. Ал мына ең жоғарыдағы Пом нан деп аталатын нанды үйге келетін ең сыйлы қонақтардың алдына қояды. Ол қара ұннан пісіріледі.
Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы лауазымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған болатын. Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл расында мақтан тұтарлық жетістік, деді ел Президенті. Қазақстан шын мәнінде көптеген ұлттар мен ұлыстардың, конфессиялардың ортақ үйіне айналды.
«Ассамблеяның 29-сессиясы эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн форматта өтті. Онда егемендік алған 30 жылда жеткен жетістіктер пысықталды. Еліміз жан-жақты дамыды. Тұрғын үйлер, жолдар, көпірлер, ауруханалар мен мектептер көптеп салынды. Жаңа жұмыс орындары құрылды. Ең бастысы еліміз бейбітшілік мен татулықта ғұмыр кешіп жатыр», – деді ҚХА қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов.
Ассамблеяның 29-сессиясында этно-мәдени қауымдастықтардың атынан бірқатар оңды ұсыныстар да жасалды.
«Нұр-Сұлтан қаласында 500 алма ағашын, 30 қарағай ағашын отырғызуды ұсындым. Бұл біздің компанияның қаланың көркеюіне қосқан үлесі болмақ. 3-і күні біз сонда барып, бұл ойымызды жүзеге асырмақпыз. Бүгін Алматы қаласының бірнеше ауданында 130 көшет отырғыздық», – деді қоғам қайраткері, «Барбанг» күрдтер қауымдастығының төрағасы Аладин Мұстафаев.
Халқымыздың бірлігі, әр алуан ұлт пен ұлыстың жарасымды татулығы – табысты реформаларымыздың мызғымас тұғыры. Табыстарымыз бен жеңістерміздің кілті. Осы дәстүрлі сақтап, еліміздің одан әрі өркендету қашанда маңызды.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы