|
10.07.2023 | 22:46
6702

Ақшадан қағылдық: баспана кілтін ала алмай жүрген салымшылар пәтер жалдап жүр

Ел бойынша 300-ге жуық адам осы үйдің құрылысына ақша салған

Ақшадан қағылдық: баспана кілтін ала алмай жүрген салымшылар пәтер жалдап жүр Almaty.tv

Алматыда 100 шақты адам жылдар бойы баспана кілтін ала алмай жүргенін айтып, арызданды. «Қалтамызды қағып, барымызды салып салымшы болдық» деген дүйім ел әлі пәтер жалдап тұратынын айтады. Өйткені келісімшарт жасасқан құрылыс компаниясының тұрғын үй кешенін салып бітіретін түрі жоқ.

– 50 пайызын құйып қойдық, енді 50 пайызын пәтерге кіргенше төлеп болуымыз керек. Көршілер қиналып жатыр. Олар ипотекаға аламыз деп жоспар құрған, – деді салымшы Толғанай Ескендірова.

Жиналғандардың сөзінше, ел бойынша 300-ге жуық адам осы үйдің құрылысына ақша салған. Олар қаражаттың көп бөлігін төлеп, құрылысшыларды да жалдап қойған. Енді олар бұлай жалғаса берсе, «шығынға белшеден батамыз» деп отыр.

Тұрғындар тұралап тұр деген тұрғын үй кешінінің сапасына да сын айтты. Сөздерінше, қабырғасы жұқа, терезесі теңшелмеген. Ал бетондарын 5-6 см  қисық құйған көрінеді.

– Салыстырмалы түрде комфорт класс емес, эконом +. Шынымды айтсам, бетон бір емес екі лабораториядан өтті, сапасы жақсы. Тек 3-4 см аздап бұралған, егер 10-15 см болса, үй бұзылар еді, – деді құрылыс компаниясының бригадирі Айтжан Исакеев.

– Мен тұрғындарға түсіндірдім. София тұрғын үйі аяқталуға жақын. Кішкене кем тұстары бар. Біз онымен жұмыс істеп жатырмыз. Жуырда аяқтап қаламыз,– деді құрылыс компаниясының жоба менеджері Руслан Мамедов.

– Компания бүгін нақты шешімін айтады.  Тағы да кездесіп, шешімін табамыз. Ресми арыз түскендіктен бақылауға алмыз. Негізі Алатау ауданы әкімшілігі қатысы жоқ. Бұл – жекеменшік үй, – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Олжас Белгібаев.

Базынасын айтқан бұқараның түйткілі бүгін шешімін таппады. Тек уәдемен тарқасты. Мәселе шешілмесе, жұрт сотқа шағымданбақ.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир