«Балалардың құқықтарын қорғау – өркениетті қоғамның көрсеткіші» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Жыныстық зорлықтың құрбаны болған балалар мен жасөспірімдерге мемлекет атынан моралды және қаржылай көмек көрсету қажет. «Балалардың құқықтарын қорғау – өркениетті қоғамның көрсеткіші» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде осындай мәселе көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Отырыста тәуелсіз сарапшылар мен психолог мамандар, сондай-ақ Қазақстан коммунистік халық партиясының мүшелері өз ұсынысын айтты. Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы жолдауында балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керектігін айтқан еді.
«Осындай жағдайға түскен жасөспірімге моралдық көмек жасау керек, психологиялық көмек көрсету керек. Отбасына көмек жасау керек. Мемлекет тарапынан біздің министрлік оларға әлеуметтік көмек жасауы тиіс. Ақшалай көмек, емделу керек қой ол бала», – деді ҚКХП «Ардагерлер және мәдени мұра» комиссиясының төрайымы Гүлдана Нұрпейісова.
Айта кетейік, соңғы жарты жылдың ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты 550 жыныстық сипаттағы қылмыстық іс тіркелген. Мамандардың айтуынша, нағыз қылмыскерлердің басым бөлігі заңдағы кемшіліктерге байланысты жазадан бұлтарып кетеді. Ал қаскүнемдердің мейлінше қатаң жазалануы үшін жаңа заңнаманы бүге-шүгесіне дейін қайта қарастыру керек деген пікірде.
«Қазір заң жүзінде педофилияға қатысты заңнаманы қатаңдатқалы жатыр. Әрине, мен мұнымен келісемін. Алайда оны қайта қарастырған кезде өте мұқият болу керек. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларға қатысты зорлық фактілермен айналысатын арнайы полиция болса деймін. Мұндай қызметке балалар психологиясынан хабары бар, оқытылған сауатты адамдар қажет», – деді «Не молчи kz» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смайылова.