|
17.02.2020 | 22:47
1857

Өрт салдарынан қос жанарынан айрылған ҰОС ардагеріне көмек қажет

Ардагердің арманы - әр кірпішін өмір бойы өз күшімен қалаған баспанасын қалпына келтіру

Өрт салдарынан қос жанарынан айрылған ҰОС ардагеріне көмек қажет

«Ер есімі - ел есінде!». Бұл – Ұлы Жеңіс ұраны. Алайда, арамызда саусақпен санарлық ардагер көзі тірі жүргенімен, елеусіз қалып жатқандары да жоқ емес. Мәселен, солардың бірі – Алматы облысының 94 жастағы тұрғыны Дмитрий Рыбалов. Қария үйінде болған өрттің кесірінен қос жанарынан айырылған. Жергілікті әкімдік қандай көмек көрсетті? Екі жылдан бері қария неге жөні дұрыс ауруханаға жатқызылмады? Almaty.tv тілшісі айтып берсін.

Екі жыл бұрынғы оқиғаны үй иелері қорқынышты түстей еске алады. Қазір мұнда тек сол өртенген ғимараттың қаңыраған қабырғасы ғана қалған. Қызыл жалынның қатты болғаны соншалық, ол көрші орналасқан қораны да шарпып, ондағы жалғыз тайыншаны жайратқан. Ол аздай соғыс ардагері өрт кезінде қатты стресс алып, қос жанарынан айырылыпты. Содан бері Дмитрий Рыбаловтың қызы үйді қалпына келтіру мен әкесін емдетуге шарқ ұрып жүр.  

«Біздің бұл ауылда тұрып жатқанымызға 25 жыл болды. Осы уақыттан бері бірнеше құрылыс жүргіздік. Қанша қаражат кеткенін айта алмаймын. Соның барлығы жарты сағаттың ішінде көз алдымызда күл болды. Өрт шыққанда мен үйге жүгіріп кіріп әкеме: «үй өртеніп жатыр» деп едім, әкем: «қызым мен ештеңе көрмеймін» деді. Қиын сәтте қол ұшын созған көршілерге рақмет», - деді ҰОС ардагерінің қызы Надежда ДУМАНОВА.

Өткен жылы мемлекет әр ардагерге 500 мың теңгеден бөлді. Облыс әкімдігі де қаржылай көмек көрсеткенімен, ол сомалар қоршау мен жаңа қақпаны орнатуға ғана жеткен. Жергілікті билік өкілдері болса, өрттен зардап шеккендерге  көмекті аянбай көрсетіп отырмыз деп сендірді.

«Мұндай жөндеу жұмыстарына бюджетте қаражат қарастырылмаған. Біз кәсіпорындар мен ұйымдарды демеушілік көмек көрсетуге шақырып жатырмыз. Олар мүмкіндігінше қолдау көрсетіп жатыр», - деді Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің әкімі Тілеукен КӨПБАЕВА.

Қазір Ұлы Отан соғысының ардагері Дмитрий Рыбалов қалалық мейірбике күтімі ауруханасында ем қабылдап жатыр. Оның арманы жылдар бойы өз күшімен әр кірпішін қалаған баспанасын қалпына келтіру. Одан бөлек, үй маңында және қызына жақын жерден ем алсам дейді.  

«Менің үйім, аулам неге өртенгенін білмеймін. Әлі де түсіне алар емеспін. Ақкөңілмін. Ешкімге ешқашан жамандық жасаған емеспін. Соғыс жылдарында да артқа шегінген жоқпын. Еліміздің аспаны ашық болса деп тілеймін», - деді ҰОС ардагері Дмитрий РЫБАЛОВ.

Сұрапыл соғыста жанқиярлықпен жау алдына кеудесін тосқан жауынгерлер саны күн санап азайып барады. Осы тұста оларға деген құрметті тек 9 мамыр қарсаңында ғана емес, әр күн сайын көрсетіп жүру артық болмас.

Арнат Дүйсен, Ғани Қалуов, Қолбан Әлдибеков «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир