Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген автомобильдерді тіркеуге бір ай берді

25.01.2020 03:48

Бүгінде мұндай автомобильдердің саны шамамен 70 мыңды құрайды

365info

Бүгін Нұр-Сұлтанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтары пайдалану үшін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдерді бір ай мерзімнің ішінде бір реттік тәртіппен тіркеуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл автомобильдердің тіркеуден өтуіне 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақыт беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұл мәселе бойынша өзінің сараптамалық ойымен автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков бөлісті. Оның айтуынша, қырғыз, армян нөмірлері бар автомобильдер Қазақстан аумағына тиісті түрде рәсімделмей әкелінген. Бүгінде мұндай автомобильдердің саны шамамен 70 мыңды құрайды.

«Бұл автомобильдер дұрыс сатып алынбаған. Мұны Арменияның басшылығы да растап отыр. Яғни, біздің азаматтарымыз Арменияда тұрмай, тек ресми түрде тұруға рұқсат алып, автомобильдерді меншікке сатып алған. Көлік сатып алу құқығына ие болу үшін осы елде тұрамыз деген. Содан кейін оны Қазақстан Республикасының аумағына шығару мүмкіндігіне ие болған» деген сарапшы бұл мәселе осы жылдың басында шиеленісе түскенін атап өтті.

Түрлі шетелдік нөмірлері бар 170 мыңға жуық көлік иелері осындай күрделі жағдайға тап болды. Өйткені олар бүгінде заң бойынша осы көлік құралдарын кедендік ресімдеуі тиіс. Олар бастапқы тіркеу үшін жарна төлеуі керек. Сондай-ақ кәдеге жарату жинағын да төлеуге тиіс.

«Бұл машиналарды сатып алғандардың ережені жақсы біледі дегенге сенімдімін. Алайда, Қазақстанда шартты түрде 8 млн. тұратын автокөлік ол жақта 4 млн. тұрады. Бірақ автомобильдің әлдеқайда арзан бола алмайтыны түсінікті. Сондықтан бұл жерде қандай да бір шикіліктің болары сөзсіз еді», – деді Эдуард Эдоков.

Қазір осы көліктердің иелеріне автомобильдің барлық құжаттарын ретке келтіріп, оны есепке алдырып, мүмкін болған жағдайда Қазақстан Республикасы көлік құралдарының талаптарына сәйкестендіріп, барлық қажетті мемлекеттік баж, кіріс төдемдерін өтеп, алғашқы тіркеуден өткізулері тиіс. Әдеттегі тәртіппен бұған 10 күн беріледі.

«Адамдарға мүмкіндік берілді. Бірақ заң талаптарын бәрі орындауға міндетті. Талаптардың орындалуына уақыт беріп, бір жылға дейін созды", – деді сарапшы.

«Заңды сақтау, менің ойымша, бұл автомобильдерге ғана қатысты емес. Бұл – барлық салаға тән болуы тиіс ең басты талап. Бәріміз заң алдында бірдейміз. Мұны ымыраға келу деуге болады», — деп жалғастырды сөзін Э. Эдаков.

Сондай-ақ Эдуард Эдоков әлемдік тәжірибеге сәйкес, егер азамат осы елде тұрса, көлік құралын сатып алып, есепке қойса, ол осы елдің нөмірлерін алуы тиіс екенін атап өтті. Ол басқа елдің нөмірлерімен біраз уақыт жүре алады. Бірақ ол уақытша болу керек.

«Сіз Еуропаға барғанда қазақстандық емес Еуропалық ақшаны жаратасыз. Қазақстанның паспортын Қазақстанда тұрған кезде пайдаланасыз. Егер басқа елге көшсеңіз, сол елдің төлқұжатын аласыз. Әр елдің өз ережелері мен заңдары бар. Автомобильдері бар Қазақстан азаматтары белгіленген тәртіппен тіркеуге және қазақстандық нөмір алуға тиіс», – деп түйіндеді автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков.