Елордадағы Күйші Дина көшесі қашан жөнделеді

08.04.2022 в 03:50

Тұрғындардың айтуынша, 8 жыл бойы әкім тек уәде беріп келген

 Күйші Дина көшесіндегі жол сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Елорда тұрғындарының айтуынша, 8 жыл бойы әкім тек уәде беріп келген. Жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Көше бойында мектеп және балабақша бар. Ата-аналар жауын-шашын күндері жүру, тіпті, мүмкін емес дейді.

«Біз iKomek арқылы әкімге 2 жыл бұрын хат жаздық. Жұмабаев, Күйші Дина көшесінен бастап Абылай хан даңғылына дейінгі  аралықтағы жолды жөндеуін сұраймыз. 3 жыл бұрын қала тұрғыны көлігімен  шұңқырға түсіп кетіп еді. Күрекпен қазып, бәріміз шығарып алдық», – деді қала тұрғыны Дана Тұндықбаева.

Тұрғындардың айтуынша, аталған аймақта адам түгілі көлік те жүре алмайды. Осы көшеде орналасқан мектептің заңгері 2014 жылдан бастап әкімге хат жазып келеміз дейді. Бірақ нәтиже жоқ.

«Бізге мектеп оқушыларының қауіпсіздігі маңызды. Бірақ балалар үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Тұрғындар да бірнеше рет әкімнен көмек сұрады. Әлі нақты нәтиже жоқ», – деді мектеп заңгері Паулен Картем.

Жауапты маман Серікболсын Жалғасов бұл мәселе ұзаққа созылғанын жасырмады. Себебі осыған дейінгі мердігермен жасалған келісімшарт бұзылған. Оның сөзінше, биыл жол салатын басқа мердігер мекеме табылған. Енді қаржыландыру мәселесі шешілсе, келер жылы жолды жөндеу жұмысы басталады.

«Мағжан Жұмабаев көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі аралықты, Күйші Дина көшесін жөндеу жұмысына қатысты мердігерлік мекемемен келісімшартты бұзу ұзаққа созылды», – деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы Серікболсын Жалғасов.

Ал тұрғындар мәселенің шешілгенін қалайды.  

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан