ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ақпараттық орталығы құрылмақ
31 арнаның бұрынғы директоры Бағдат Қожахметов ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі болып тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Мен кешеден бері Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі болғандығы туралы ақпаратты растаймын. Шамамен 10 күн бұрын Facebook-тегі парақшама денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға осы қиын уақытта көмектесуге дайын екенімді жазған болатынмын. Өкінішке қарай, мен адамдарды қалай сауықтыруды білмеймін, қолдан келсе оны да жасар едім. Бірақ мен бұқаралық ақпарат құралдарымен және қоғаммен байланыс саласында қалай жұмыс істеу керектігін білемін. 1-2 күнде министр қоңырау шалып, осы жұмысты ұсынды. Мен қуана келістім. Бір жағынан бұл мен үшін - азаматтық парыз, екінші жағынан бұл - кәсіби міндет», - деді Бағдат Кожахметов.
Оның айтуынша, жұмыстың алғашқы күні өз нәтижесін берді.
«Жұмыстың алғашқы күнінде біз ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ақпараттық орталығын құратын болып шештік. Біздің басты міндетіміз - бүгінгі күнге дейін жиналған барлық мәселелерді шешу үшін қоғаммен сапалы байланыс орнату», - дейді Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа ресми өкілі. Ол журналистерді, PR және маркетинг саласындағы әріптестерін жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды.
«Бұл денсаулық сақтау жүйесінің проблемасы ғана емес, бұл - бүкіл қоғамның проблемасы. Еліміздің болашағы біздің дәрігерлерге бүгінгі індетті жеңуге қалай көмектесетінімізге байланысты», - дейді ол.
Бағдат Қожахметов бұған дейін «31 арнаны» басқарған, Алматы қаласы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы болған, сондай-ақ ҚР ІІМ Ақпарат және қоғаммен байланыс орталығын басқарған.