Тұрғындардан түскен шағым: Автокөлік бөлшектерін сататын ірі сауда нысанының жасырын жұмыс істеп келгені белгілі болды

09.07.2020 03:50

Open Almaty жобасына тұрғындар тарапынан шағым келіп түскен

Almaty.tv

«Қаладағы автокөлік бөлшектерін сататын ірі сауда нысаны карантинге қарамай жұмыс істеп тұр». Open Almaty жобасына тұрғындар тарапынан осындай шағым келіп түскен. Арна тілшілері мәселені анықтамақ болып Әуезов ауданында орналасқан сауда нысананына арнайы барған еді. Сөйтсе, жабық базар саудагерлері заттарын сыртқа шығарып сатып, айналасын жабайы саудаға айналдырған. Ережені елемейтіндерге қандай шара қолданылады? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатып айтады.

«Әуезов ауданындағы автокөлік құралдарын сататын ірі сауда орны артқы есіктен тұтынушыларды жасырын кіргізіп жұмыс істеп жатыр». Осындай хабарламаны естіген жергілікті әкімдік өкілдері санитарлық мамандармен бірлесіп, тексеру жүргізді. Іле-шала нысанға барғанымызда алды-артындағы есіктерінің бәрі жабық болып шықты. Базар әкімшілігінің айтуынша, жабық нысанға кіріп-шығып жүргендер сол дүкенде істейтін сатушылар екен.

Оқиға болған жерден:

–  Бізде ол жақтан кіріп жатқандар жалға алушылар. Оларда онлайн сатылым қойылған. Клиентін осы Кар ситиге алып келіп, алып шығып...  осында сату деген ондай жоқ. Маскасымен, қолғабымен бізге келіп, аз мөлшерде жалға алушыларды кіргіземіз Солар  затын алып, шығып кетеді, болды.

Ал, базар жанында сауда қайнап жатыр. Жабық кешендер жұмысын тоқтатқаннан кейін ондағы сатушылар заттарын сыртқа шағарып жабайы сауда жасауға көшкен. Тәртіп сақшылары мен камераны көргендері сол еді, заттарын жинап барлығы қаша бастады.

Тәртіп сақшылары жол бойында сауда жасап тұрғындарға бірден әкімшілік-хаттама толтырды. Енді олар заң бұзғаны үшін айыппұл төлейді.

Оқиға болған жерден:

–  Автокөліктің багажнигін ашып қойып тұрғандарыңыз бұл жабайы сауда болып саналады. 204-баппен. Қазір мына жерден заттарыңызды жинап, сауда жасамай кетіп қалыңыздар.

Ал, мына дәмханада санитарлық талаптар мүлде сақталмаған. Кіре берісте бізді тепловизормен ешкім күтіп алмады, дезинфекциялық кілемше жоқ, қызметкерлердің дене қызуын өлшейтін журнал екі аптадан бері толтырылмапты. Санитар қызметерлер мен тәртіп сақшылары бұл дәмханаға осымен үшінші рет тексеру жүргізген. Бастапқыда тек ескертумен құтылған дәмхана иесі енді ірі көлемде айыппұл арқалауына тура келеді.

Дәмханаға келушілер алдарына келген тағамдардың қалай әзірленіп жатқанынан бейхабар. Асханадағы аспазшылардың не маскасы не медициналық қолғабы жоқ. Бұл карантин тұрмақ, тазалық шараларына қайшы әрекет дейді мамандар. Оның үстіне бұл жердің қожайыны жазғы алаңдардан бөлек, дәмхананың ішінде де қонақ қабылдаған.    

«Еденді жууға арналған дезинфекциялық құрал жоқ. Олардың арнайы Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат етілген құжаттамалары жоқ. Ол арнайы дезинфекциялық құрал сатып алған жерден сұраса болады. Біздің тарапымыздан басқармаға шақырту берілді жеке кәсіпкерге. Енді ары қарай шаралар қолданылады», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Мөлдір Төреханқызы.

Екі апталық қатаң карантин жарияланғанмен, тәртіпке бағынатындар аз болып тұр. Ережеге атүсті қарайтындардың ісін енді тек сот шешеді.