Алматы мен Жамбыл облысынан келген сүт, ет, шұжық, балық өнімдері саудаланды
Алматыда ҚМДБ ұйымдастыруымен кең көлемде жәрмеңке өткізілді. Көпшілікке ұсынылған азық-түліктердің барлығы халал сертификатын алған кәсіпорындар. Орталық мешіт ауласында өткен жәрмеңкеге Алматы мен Жамбыл облысынан келген сүт, ет, шұжық, балық өнімдері саудаланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұтынушыларға бұл азық-түлік түрлерін нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағада алуына мүмкіндік туды. Мұндай шараны өткізу тауар өндірушіге де, тұтынушығы да өте тиімді дейді ұйымдастырушылар. Одан бөлек отандық әрі сапалы өнімді өткізудің ұтымды жолы.
«Қазақстандық, елдік, Отандық халал орындарын халықаралық деңгейде насихаттау жоспарланып отыр. Алла қаласа, осы жұмысты біз бастап кеттік. Барлығымызға белгілі Алла Тағала қасиетті Құранда асты адалынан жеңдер деп айтады. Адалынан жеу – бұл ата бабаымыздың жолы. Жәрменкенің мақсаты да сол халал асты, өнімді көпшілік арасында насихаттау», – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бүгінде еліміз бойынша халал сертификатын алған 700-ден астам кәсіпорын бар. Жәрмеңкеге оның отызға жуығы қатысты. Одан бөлек бас мүфти отандық ең үздік халал кәсіпорындарын алғыс хатпен марапаттап, ізгі ниетін жеткізді.
«Шынымен, көресің де қай зат халал екенін, көзің жетеді соған. Әйтпегенде дүкендерде тұрады халалдың мөрі басылып. Бірақ алған кезде күмәнданасың. Енді мына жерде Алла үйінің алдында сатып жатқаннан кейін халал деп алдық», – деді қала тұрғыны Құралай Әділбекова.
«Шұжық алдық, тауық етінен жасалған. 830 теңге. Дүкеннен алсақ, қымбатырақ болды ғой ол. Қай уақытта шыққанынан уақытын да білмейміз. Мында бәрі енді шығарылған», – деді қала тұрғыны Зәуреш Ормаханова.