Жыл соңына дейін Алматыдағы 15 шағын ауданда ауыз су мәселесі шешіледі

Жыл соңына дейін Алматыдағы 15 шағын ауданда ауыз су мәселесі шешіледі
Алатау мен Наурызбай аудандарында ауыз су мен кәріз жүйесіндегі мәселе өзекті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала балансына қосылғанына 10 жылдан асса да су, жарық, жол мәселесі шешілмеген елді мекен бар. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысқан Akimat Live бағдарламасына Алатау ауданы Теректі ықшамауданының тұрғыны тікелей эфирге хабарласқан еді. Қоңырау шалған азаматтың сөзінше, өзі тұрып жатқан жер өркениеттен қалып қойған.

Сонымен қатар, интернет те әлі күнге дейін қосылмаған екен. Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтың дереу жауап беруін бұйырды.

«Су мен кәріз жүйелеріне жобалық сметалық құжаттама дайындалған. Оған дейін жол ол жерде салынбайды. Сондықтан 2021 жылға ақша бөлінген жағдайда су мен кәріз жүйелеріне жалғасатын болады», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Алатау мен Наурызбай аудандарында ауыз су мен кәріз жүйесіндегі түйіткіл өзекті екенін айтты әкім. Шаһар басшысы қалада 23 шағын ауданда осы мәселелер шешілмегенін жеткізді. Жыл соңына дейін 15-інде проблема шешімін таппақ. Қалған жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады.  

«Бастапқы мақсат осы 23 ауданды ауыз сумен, кәрізбенен қамтамасыз ету. Оны біз өзіміздің «Жаңа Алматы» бағдарламасының ішінде де тұр. Сондықтан ол жерде болады-болмайды деуге болмайды. Енді ол айтылған мәселе, шешілу жолы табылған», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Новости партнеров