|
03.09.2020 | 22:53
895

Алматыда «Еңбек» бағдарламасы арқылы 23 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан

Жыл басынан бері 48 мыңнан астамнан өтініш келіп түскен

Алматыда «Еңбек» бағдарламасы арқылы 23 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан almaty.tv

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықта өсіп-өнген алматылық азаматша сол мекемеде күтуші болып жұмыс істеп жатыр. Мұндай мүмкіндікке «Еңбек» бағдарламасы аясында қол жеткізген. Бұдан бөлек, бағдарлама арқылы 23 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек тауыпты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі жалғастырсын.

32 жастағы Зарина Деева «Еңбек» бағдарламасы аясында №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына балаларды күтуші болып жұмысқа орналасқан. Заринаның дәл осы мекемеде қызмет етіп жүргені тектен тек емес. Балалық шағын өзі де дәл осы орталықта өткізген ол бүгінде мұндағы қызметкерлермен бірдей иық тіресе еңбек етіп жатыр.

«Зарина бұл интернатқа 3 жасында келген еді. Ол жүріп, сөйлей алмайтын. Тастанды, аурушаң бала осы жерде өсті. Білікті мамандардың арқасында Заринаның дамуы жақсарып, сөйлеп, жазу-сызуды меңгеріп кетті. 18-ге толғаннан кейін оның туыс әпкесі табылып өзімен алып кетті. Кейіннен өзі өскен орталыққа жұмысқа орналасуға келген соң біз оны қуана-қуана қабыл алдық. Себебі мұндағы балалардың жан дүниесін, тағдырын одан артық ешкім түсіне алмайды», – деді№ 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының дефектологы Эльмира Букина.

Қазір Зарина тұрмысқа шығып, бір баланың анасы атанған. Екінші топтағы мүгедектігі болғанымен, жұмысқа ширақ, жауапты әрі қабілетті маман дейді әріптестері.

«Жұмыспен қамту орталығына барып еңбек еткім келетінімді  айттым және осы өзім өскен жерде балалармен жұмыс істегенді қаладым. Өйткені бұл балалардың өмір жолы менікіне ұқсайды. Оларды жақсы түсінемін. Кішкентайымнан мені баққан тәрбиешілерге алғысым шексіз», – деді қала тұрғыны Зарина Деева.

Жалпы биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 48 мыңнан астамнан өтініш келіп түскен. Соның ішінде 23 мыңдайы тұрақты жұмыспен қамтылыпты. 15 мыңнан астамы уақытша жұмыстарда еңбек етіп жатқан көрінеді. Мұның ішінде студенттер де бар. Кембағал жандарды да жұмысқа орналастыруға мән беріліп келеді.

«Әрбір мекемеде негізі 3 пайызы мүмкіндігі шектеулі адамдар болуы керек. Олар жұмысқа қабілеті бар, оларға арнайы орындар тағайындалады бірінші. Жылдың басынан бері бізге мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар келіп жүгінді. Олардың 700-ден астам әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық жұмыстар да бар. Одан кейін тегін оқу курстарына да барды», – деді қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлзинат Мейірбекова.

«Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді курстар оқуға, шағын несие алып кәсіппен айналысуға, уақытша және тұрақты жұмысқа орналасуға мол мүмкіндік бар. Сондай-ақ жоғары оқу бітірген жастар алты айлық іс-тәжірибеден өте алады. Ол үшін жас кадрларға 69 мың теңге жалақы да төленеді. Бұл тұрақты қызметке ашылатын жақсы жол екені сөзсіз.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир