Алматының ластанған ауасы тұрғындар денсаулығына зиянын келтіруде

14.02.2020 03:53

Қоғам белсенділері қаланың әуе бассейнін тазартуға бағытталған нақты шараларды қолға алмақ

Бұл туралы мегаполистегі ауаны тазарту мақсатында құрылған «AirVision.kz» қоғамдық қорының эколог зерттеушісі мәлімдеді. Енді аталмыш қордың бастамасымен қоғам белсенділері қаланың әуе бассейнін тазартуға бағытталған нақты шараларды қолға алмақ. Бүгін олар журналистерді жинап, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы ауасының ластануы – көпшілікті алаңдатып отырған күрделі мәселе. Бірақ оны бірлесіп шешудің орнына, сарапшылар екі тарапқа бөлініп, проблеманың пайда болу табиғатына қатысты ортақ мәміліге келе алмай жұр. Сондықытан таяуда құрылған қор жетекшілері бос әңгімені доғарып, нақты іске көшу керек дейді.

«Біздің қор – барлық құрылымдық күштер, яғни қоғамдық белсенділер, ғалымдар, инженерлер, экология бойынша сарапшылардың барлығы бас қосып, басты мәселелердің шешімін бірлесе отырып табатын жер. Біздің принципіміз – нақты істер бар жұмысты байыппен, конструктивті түрде атқарып, әкімдікпен әріптесе отырып, сүйікті қаламызды денсаулыққа қауіпсіз, таза еткіміз келеді», - деді кәсіпкер Берік КАНИЕВ.

Ауаның ластану мәселесін шешудегі алғашқы қадам – заманауи мониторингтеу жүйесін құру негізінде жүзеге аспақ. Бұл жүйе арқылы келіп түскен мәлімет барынша толық, әрі дұрыс болуы тиіс, дейді бастама жетекшілері.

«Біз ластанған ауа мәселелеріне қатысты процестердің баяулап жатқан олқылық тұстарын толтыруға тырысудамыз. Бүгінде Алматыда ауа сапасын мониторинг жасайтын толыққанды жүйе жоқ. Әр мәлімет әр түрлі және жеткіліксіз. Шиеленіскен бұл жағдайды шешуде барлық бей-жай қарамайтын жандармен бірлесе отырып, бір жүйе құрдық. Ол жүйеге түскен тұжырымдамалар барлық мүдделі тараптар үшін заңды болады», - деді кәсіпкер Алексей ЛИ.

Мегаполис ауасының ластануына көптеген факторлар әсер етуде. Көліктер, химиялық тастандылар, газ, көмір, ірі кәсіпорындар. Қазіргі уақытта, есептеу тәсілі мен іс тәжірибелік тәсілдер арқылы осындай ластайтын ошақтарды анықтауға мүмкіндік туып отыр. Бұл жұмыстың маңызды екенін, дәрігерлік статистика айқын көрсетіп тұр.  

«Неліктен ластанған ауадағы ең майда бөлшектер қауіпті. Себебі, олар өкпеге терең ену арқылы қанға түсіп, денсаулыққа кері әсер етеді. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, адам тыныстау арқылы тәулік бойына PM2,5 бөлшектерінің дозасын алса, ол өкпе обыры, тыныс алу жолдары аурулары, жүректің ишемиялық ауруы, инсульттен мезгілсіз өлім қаупін арттырады. Тіпті, неврологиялық даму мен IQ-дің төмендеуіне де әсер етеді. Ал, балалар мен қарттардың иммунитеті аталмыш ауруларға әлсіз»,  - деді эколог-зерттеуші Айымгүл КЕРІМРАЙ.

Айта кетелік, аталмыш қордың ауаны тазартуда жасайтын негізгі жұмысы - ластанудың мөлшері мен нақты тұжырымдамаларын әзірлеп, қауіптің алдын алу. Алдағы уақытта «AirVision.kz» қоғамдық қоры инвесторлар мен кәсіпкерлерді, сондай-ақ, еріктілерді тартып, зерттеу жұмыстарының тек бастапқы кезеңінде - 200 мың АҚШ долларын жұмсауды жоспарлап отыр.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы