Пойыздарды тоқтату-тоқтатпау мәселесі бойынша көліктегі бас санитарлық дәрігер шешім шығарады
«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына қарасты пойыздарды тоқтату-тоқтатпау мәселесі бойынша көліктегі бас санитарлық дәрігер шешім шығарады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған компанияның ресми өкілі Мәди Мұхамедқали осылай деп жеткізді. Айтуынша, жолаушылар тасымалы еліміз бойынша бірінші маусымнан бастап кезең-кезеңмен іске қосыла бастады. Алғашқы кезеңде 54 пойыз шығарылды. Ал келесі кезең 10 маусымнан бастап тағы 39 пойыз қосылмақ.
«Көпшіліктен «Жолаушылар тасымалы тоқтап қалу мүмкін бе?» деген сұрақ туындады. Қазіргі таңда Мақат және Құлсары стансаларында уақытша отырғызу, түсіруге тыйым салынған. Мақат станциясы бойынша 4 маусымнан бастап 11 маусымға тыйым салынса, Құлсары станциясы бойынша 4 маусымнан бастап 18 маусымға тыйым салынды», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Мәди МҰХАМЕДҚАЛИ.