Қоғам өкілдері әлеуметтік маңызды нысандардағы қойылған баспалдақтар мен бағыт көрсетуші схемалардың көбі ережеге сай келмейтінін анықтаған
Бүгін қалалық «Нұр Отан» партиясы арнайы жүргізілген бақылау жұмысының барысын талқылады. Арнайы құрылған топ қаладағы мүгедектердің жүріп-тұруы үшін жасалатын тактильді белгілердің қаншалықты дұрыс орнатылғанына баға берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қоғам өкілдері әлеуметтік маңызды нысандардағы қойылған баспалдақтар мен бағыт көрсетуші схемалардың көбі ережеге сай келмейтінін анықтаған. Бақылау тобы «Сайран» автовокзалы мен «Алматы-1», «Алматы-2» темір жол нысандарын тексерген.
«Халықаралық «Сайран» автовокзалында кембағал жандарға арналған кестелер дұрыс емес. Яғни көзі көрмейтін жандар үшін керекті нысанның бағытын анықтау мүмкін емес. Тактильді бағыттар қате. Біз арнайы құрылған топпен мониториг жүргізген кезде, «оңға және солға» бағыты көрсетілетін жерде «кедергі» деген белгі қойылған», – деді қалалық Мәслихатының депутаты Нүрия НИЯЗОВА.
«Қаладағы қоғамдық маңызды нысандардағы мүгедектерге арналған инфрақұрылымдарды 5, әрі кетсе 10 пайызға бағалар едім. Көбінде пандустардың ұзындығы белігенген өлшемге келмейді. Яғни арба жүруге ыңғайсыз әрі қауіпті. Тактильді белгілер де тиісінше жасалмаған», – деді «Altyn time» мүгедектер ұйымының президенті Сағат ОМАРҒАЛИЕВ.