Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы 2 пайызға ғана өскен
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы 2 пайызға ғана өскен. Бұл кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма қоры берген мәлімет. Доллар бағамының өсуі азық-түліктер бағасының шарықтауына әсер ете ме? Қазіргі таңда, сауда орындарында азық-түліктер қаншадан сатылып жатыр? Almaty.tv тілшісі қаладағы бірнеше сауда-орындарын аралап шықты.
Қаладағы азық-түліктер бағаларын салыстыру мақсатында ең бірінші супермаркеттердің біріне бас сұқтық. Мұндағы баға тұрақты. Халық көп тұтынатын картоп - 100 теңгеден, сәбіз 125, ал пияз 56 теңгеден саудаланып жатыр. Дүкен басшылараның айтуынша, алдағы 1 ай көлемінде осындай баға сақталатан көрінеді.
«Біз тауарды сатып аларда компаниямен бірлескен келісімге отырамыз. Азық-түлік бағаларын да сол келісім аясында екіжақты ақылдасып отырып бекітеміз. Қазіргі сатып жатқан тауарларымыздың бағасы 1-1,5 ай көлемінде өзгермейді. Себебі, біз мұны төмен доллар бағамында сатып алдық қой. Қандай да бір өзгеріс болып жатса, тұтынушыларға түсіндірме жұмыстары алдын-ала жүргізіледі», - деді супермаркет басшысы Азамат ОСПАНОВ.
Алматы қаласында халық көп келетін орынның бірі - көк базар. Супермаркеттегі бағаны салыстырмаққа бекініп көк базарға келгенбіз. Ал, бұл жақта баға шарықтап тұр. Базар басшылығы тауар құнын негізсіз өсіруге жол беріп отыр ма деген ойға қаласың. Әдеттегі дүкеннен 50-60 теңгеге қымбат. Картоп бағасы -130-150 теңге, пияз 120, сәбіздің бағасы - 200 теңге тұрады. Сатушылар картоптың қымбат болу себебін маусымдық кезеңмен түсіндірді.
«Қазір көктем ғой. Қазір қоймада картоптар таусылды. Сондықтан баға осындай. Ертең жаз мезгілінде бағалар 100 теңгеге дейін түседі», - деді сатушы.
«Қымбат азық-түліктер, 3-4 күн бұрынғымен салыстырғанда 20-30 теңгеге қымбаттап кеткен», - деді бірі.
Азық-түліктердің бағасын бақылау мақсатында қала әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылған болатын. Жұмыс тобы қаладағы дүкендерде бағаны қатаң бақылаумен айналысады. Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма басшысының айтуынша алдағы күндері азық-түлік тапшылығы байқалмайды.
«Егер салыстыратын болсақ, нан бағасы 5 жылдан бері өзгерген жоқ. Күнделікті бағаларды қарай отырып, олардың осы жуық арада Алматы қаласына өздерінің тауарлдарын жеткізуге байланысты толығымен қамтамассыз етеміз де, бағаларға қатысты бірігіп жұмыс істейміз», - деді қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан ОРАЗАЛИН.
Түсірілім тобымызбен бірнеше дүкендерді аралау нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық- түліктердің әр сауда нүстесінде әр қилы саудаланып жатқанына көзіміз жетті. Дүкен сөрелеріндегі азық-түліктердің 90 пайызы жергілікті өнімдер. Десе де, мамандар бағаның алдағы күндері өспейтінін, оның қатаң бақылауда болатынын айтып сендірді.