Олардың ісі Медеу аудандық сотында қаралып жатыр
«Жазасын өтеп, шығынымызды толық қайтарсын». Алаяқтарға алданған жәбірленушілер осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Үйіңізге жөндеу жұмысын жасап береміз» дегендердің құрығына түскен 27 азамат «228 миллион теңге далаға кетті» дейді. Айыпталушылар олардың аузын айға қаратып кеткен соң тұрғындар несие алып, баспаналарына жөндеу жүргізетін басқа компанияға тағы шығындалуға мәжбүр болған. Қазір олардың ісі Медеу аудандық сотында қаралып жатыр. Процесс жарты жылға жуық уақыттан бері жалғасып келеді.
«Сотты әдейі созып жатыр. Уақытша изоляторында біреуі отыр, екіншісі екіқабат болған. Жазадан қашу үшін әдейі бала көтеріп, туып алмақ. Жазасын да алу керек және шығынымызды қайтарып беру керек. Өйткені бәрімізде кредит, ешкім жетісіп жүрген жоқ», – деді жәбірленуші Айнұр Дүйсенқажы.
«Жәбірленушінің ісінде құрылыс материалдарына қатысты бірдей түбіртектерді көрсеткені анықталып отыр. Яғни, олар жұрттың сенімін жоғалтпас үшін бәріне бір құжатты көрсеткен. Менің көмегіме жүгінген жәбірленуші енді пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Бұл – қосымша шығын. Нәтижесінде, баспана да жоқ, ақша да жоқ, жөндеу де аяқталмаған. Сондықтан әділ сот шешімі шығады деп үміттенеміз», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Денис Алимбеков.
Оқи отырыңыз: Алматыда Брусиловский көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады