Күніне үш рет қабылдап жатқан дәрісінің өзіне 600 АҚШ доллары кетіп жатса керек
Жақында ата-анасы құлыншаққа жасалған отаның сәтті болғанын айтып, халықтан сүйінші сұраған еді. Алайда еміне ел болып қаражат жинаған балапанның үшінші талдау нәтижелері донордың жасушалары оянып алғанын көрсетіпті. Корей елінде ем алып жатқан баласының өміріне алаңдаған Заңғар Мәуленұлының ата-анасы халықтан тағы да көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтырғы жылдың қарашасында негізгі ота сәтті жасалғанымен, үшінші талдау нәтижелері Заңғардың өз жасушалары, яғни рак клетклары оянып алғанын көрсетіпті. Демек, донордың жасушыларын қабылдамай, әлсіретіп жатқан көрінеді. Дәрігерлер бұған әзірге бір ай дәрі ішуге кеңес беріпті.
«Спрайсл» деген дәрінің бір таблеткасы екі жүз доллар тұрады. Қазір біз үш түйірін ішіп жатырмыз. Қазір дәрігері бізді күтуде. 2 наурыз күні тағы да жілік майын алып талдау жасалады. Соның нәтижесі арқылы алдағы жоспарды хабарлаймыз», - деді Заңғардың анасы Гүлназ БАЛҒАЕВА.
Әзірге Заңғардың еміне қанша қаржы жұмсалатыны белгісіз. Күніне үш рет қабылдап жатқан дәрісінің өзіне 600 АҚШ доллары кетіп жатыр. Онсызда қолда бардың бәрін сатқан Заңғардың ата-анасы шарасыздан халықтан тағы да көмек сұрауға тура келді дейді.
«Бәріміз Заңғардың өмірін алып қаламыз деп, ағайын-туыс бар, дос бар, қазақ елі бар жанталасып көмек бердіңіздер. Рахмет. Ота сәтті өтті. Айтады ғой «қырқына шыдап, қырық біріне де шыдау керек» деп. Алдағы таңда Заңғардың өмір сүруіне бәріміз бір атсалысып жіберсек деген ойдамыз», - деді Заңғардың әкесі Мәулен ҚОСПАНОВ.
Қол үшін созамын деген азаматтар болса реквизиттер мынадай:
Алты айдан бері ел көрмеген Заңғар елді сағынғанын жиі айтады екен. Тіпті соңғы кезде күйгелектеніп, тез шаршап қалатын көрінеді. Отандасымыздың дертімен күресу үшін корейлік ақ халаттылар қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланатынын айтыпты. Дәрігерлер наурыз айының басында алынатын жұлын майының сынамаларынан кейін ғана бір шешімге келмек. Қанша қаржы қажеттігі де сол кезде белгілі болады. Егер әзірге қабылдап жатқан дәрілерінің көмегімен қайтпаса, әкесі Мәуленнің өзі донор болуы мүмкін.
Қуан Нұрақын, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы