Жұмадағы дұға: Әлемді алаңдатқан індетке Жаратушыдан шипа сұрап, ел-жұрттың амандығын тіледі

11.04.2020 04:01

Қазір кейбір мемлекеттерде коронавирус індетінің өршуіне байланысты мешіттерде жұма және басқа да намаздарды оқу уақытша тоқтатылған

Almaty.tv

«Біз біргеміз, тілегіміз – ортақ». Әлемді алаңдатқан ауруға шипа іздеп, адамзаттың амандығы үшін жұма намаз уақытында дұға жасауды еліміздің Бас мүфтиі барша мұсылман қауымға үндеген еді. Бүгін Наурызбай қажы Тағанұлының үндеуін алыс-жақын шет елдің дінбасылары қолдап, бір мезетте алақан жайылды, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Бас мүфти өз үндеуінде әрбір ұлт өкілі, барша адам баласы жұдырықтай жұмылып, шын жүректен Жаратқанға жалбарынып, адамзаттың амандығын сұрайтын сындарлы сәтте тұрғанын жеткізген болатын. Сол себепті ислам ғұламаларын, күллі дін қайраткерлерін, дін саласының оқытушы-ұстаздары мен Құран қариларын және барша мұсылман қауымды күллі адамзаттың амандығы үшін бір мезетте алақан жайып, дұға жасауға шақырған еді.

«Әрине, бүкіл әлемнің халқы Адам Ата мен Хауа ананың ұрпағы. Біз нәсілге, ұлтқа бөлінбей бірігіп бір болып, Жаратушы жалғыз Аллаға жалбарынып дұға етейік деп үндеу жарияладық. Алла Тағала сол ниетімізді, дұғамызды қабыл етсін. Дұғамызда елдің амандығын, халықтың амандығын Алладан сұрау», – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ.

Қазір кейбір мемлекеттерде коронавирус індетінің өршуіне байланысты мешіттерде жұма және басқа да намаздарды оқу уақытша тоқтатылған. Бұл жағдайға байланысты Араб және Орта Азия елдерімен қатар ислам мемлекеттерінің дінбасылары арнайы пәтуа шығарды. Ал, Мекке мен Медина қаласы  да коронавирус індетіне байланысты жабық тұр. Сауд Арабиясы вирусты жұқтырғандардың саны келер аптада күрт артуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.  Ресми деректерге сәйкес бүгінгі таңда бұл елде COVID-19-ды 3000-ға жуық адам жұқтырып, 41 адам көз жұмған. Ал, індет үдеген шақта еліміздің бас муфтиі жасаған ұсынысты алыс-жақын елдердің дін басылары бірауыздан қолдаған.  

«Біздің осы үндеуімізді көптеген елдер қабыл алып, бүгін дұғада болып жатыр. Алла Тағала барша момын мұсылмандардың әлемдегі дұға-тілегімізді қабыл етсін. Сіз бен біз  де – құрметті жамағат дұғада болайық. Көбіне Аллаға истиғфар айтып, пайғамбарымызға салауат айтып  дұғада әрқашан қол жайып Аллаға жалбарынайық!» – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ.

Осыған орай бүгін еліміздің дін өкілдері жұма намазынан соң әлемді алаңдатқан індетке Жаратушыдан шипа сұрап, ел-жұрттың амандығын тіледі.  

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,  ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

– Алла Тағала бізге және біздің ұрпағымызға өзің тура жолыңды нәсіп ете гөр. Тура жолыңнан адастырма. Алла Тағала әлем халықтарының ішіндегі біздің Қазақстан халқына бір өзің жар бола гөр. Раббым, біздің халқымызды бәле-жаладан апаттан сақтай гөр. Мынау әлемде бет алған індеттен бізді, Қазақстан халқын сақтай гөр. Ауырып жатқан біздің бауырларымыздың дертіне шипа бере гөр. Аман-есен айығып, жақсы болып кетуін, Алла Тағала, өзің нәсіп ете гөр.

Қуан Нұрақын, «Алматы» арнасы