Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 3 кітаптың тұсаукесері өтті

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 3 кітаптың тұсаукесері өтті
Жәдігерлерді жинақтау үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 3 кітаптың тұсаукесері өтті. Туындыларды Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында жарыққа шығарып отыр. Кітаптарға жәдігерлерді жинақтау үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.

Мәдени іс-шарада «Дала фольклорының антологиясы» он томдығының және «Ұлы даланың көне сарындары» үш томдығының 2-кітабы көпшілікке таныстырылды. Сондай-ақ, «Ежелгі дәуір әдебиеті» бес томдығының 2 және 3 томы жарыққа шықты. Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар және  әдебиетшілер жиналды.

«Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының 2 томы үшін 175-тен аса күйші тартылған. Ерекше форматтағы жинақ арнайы QR кодпен және CD дискпен жарыққа шықты.

«Екінші том екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде сазсырнай, шаңқобыз, қылқобыз, үш ішекті домбыра, шертерге арналған сарындар берілген. Екінші бөлімде қазақтың домбыра күйлері аймақтық жүйе бойынша, аймақтық дәстүрлерге жүйеленіп ұсынылып отыр», – деді М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Айнұр Қазтуғанова

Ал «Ежелгі дәуір әдебиеті» антологиясының жаңа жинағы Қарахандықтар мен Алтын Орда тұсындағы жәдігерлерді қамтиды. Туынды үшін Әбу Нәсір әл-Фараби, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұнның еңбектері қазақ тіліне аударылды.  

«Өзіндік ерекшелігі – әрбір жазба ескерткіштің факсимилесі берілген. Сонымен қоса, оның аудармасы берілген, қазіргі кезеңдегі қазақ тіліне қатысты қазіргі мәтіндері қоса беріліп отыр», – деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Ғалымдар сирек қорлардағы қолжазбa мұраларын сараптай келіп, ең таңдаулы үлгілерін жүйелеп, оқырман қауымға қолжетімді етіп ұсындық дейді. Сондай-ақ, жинақтардың электронды және аудионұсқалары әзірленген. Енді туындылар аймақтағы барлық мектеп және жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткізілмек.

Сымбат Ноғай, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров