«Әрқайсысының құны 55 мың теңге». Алматыда кәсіпкерлер аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетпек

07.05.2020 04:05

Алғашқысы топан судың астында қалған Түркістан облысындағы Мақтарал ауданына жіберілді

almaty.tv

Қазақстандық кәсіпкер-меценаттар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға  республика көлемінде көмек көрсетпек.  Алғашқысы топан судың астында қалған Түркістан облысындағы Мақтарал ауданына жіберілді. Сөздерінше, игі іске қарапайым халық та атсалысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұн, қант, тәттілер. Әр отбасыға қажетті азық-түлікке толы үш қораптан беріледі. Әрқайсысының құны 55 мың теңгені құрайды. Тауар қоры бір жанұяға шамамен 3 айға дейін емін-еркін жетеді дейді қайырымды істің басы қасында жүргендер. Олар Қазақстан бойынша 21 мың аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыны қамтуды көздеп отыр. Оларға үш қораптан берілетіндіктен, қазір еріктілер 63 мыңын әзірлеп жатыр. Алғашқы гуманитарлық көмек мақтаралдықтарға аттанды.

«Мақтарал ауданы бойынша бірінші «Халық» қайырымдылық қоры азық-түлік жиынтығын  беріп отыр. Жалпы айтқанда 50 тонна азық-түлік жиынтығы. Бұл – ұн, қант макарон өнімдері. Және басқа да негізгі негізгі деп саналатын азық-түлік өнімдері болып саналады. Оны біз машинамен Шымкентке жіберіп отырмыз. Сәйкесінше, бір-екі күндікте жетуі керек», – деді  «Халық» қайырымдылық қорының өкілі Сағынбек ШҰНКЕЕВ.

Осыған дейін белсенді топ 1 мыңнан аса азық-түлік себетті таратып үлгерген. Бұл саннан бөлек, тағы алматылықтарға қосымша ретінде 200 себет табыстауды құп көрген. Жақсылық жасағандарын жасырып, жар салуды жөн көрмейтін меценаттар игі іске қарапайым халықтың да көмектескенін айтады.

«Біз әкімдіктермен тығыз жұмыс істеп, көмек қажет отбасылардың тізімін жасап жүреміз. Әрине, жасаған жақсылығымызды жаһанға жария ету басты мақсат емес еді. Алдымен кәсіпкерлер ақша шығарып, көмек көрсетіп жүргенбіз. Кейін қайырымдылық жайлы халық біліп, игі іске жұмылайық деп кірісіп кетті. Біз өзіміз ойлағаннан да көбірек қаржы жинадық. Көмектесетін ауқымды кеңейтік. Енді тек Алматы емес, еліміз бойынша көмек көрсетіледі», – деді  гуманитарлық көмектің ұйымдастырушысы  Бейбіт ӘЛІБЕКОВ.

Бүгін Медеу ауданындағы 150 отбасы азық-түлікке толы себетке қол жеткізеді. Оны қарапайым халық пен кәсіпкерлер өз қаржысына алған. Әрқайсысының құны 20 мың теңгені құрайды.

«Біз өзіміз өтініш білдіргенбіз. 150 отбасының тізімін бердік. Ол кісілер қарап, бүгін осы пакеттерді табыстауда. 150 отбасының  ішінде  көпбалалы отбасылар бар. Ауған соғысына қатысқандар ардагерлеріміз бар. Сосын Тыл ардагерлеріміз бар. Сол кісілерге ертеңнен бастап осы пакеттерді жеткіземіз», – деді  Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос НҰРЛЫБАЕВ.

Қиын жағдайда қалғандарға көмек 7 мамырда жетеді дейді қайырымды істі ұйымдастырушылар. Ал, мұндай сыйлық Алматыда 5 мың отбасының қолына  тимек.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы»  арнасы