Алматыдағы аулаларды тазалауға кететін шығын қала бюджетінен бөлінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді тұрғын үйлердің маңындағы қарды күреу, қоқыс сыпыру сынды жұмыстарға сәйкесінше аудан әкімдіктері жауапты болады. Олар бөлінген қаражатқа мердігерлермен келісімшарт жасасып, тазалықты қадағалауы тиіс. Қаладағы аулалардың тазалығына бұдан былай әкімдік жауап береді. Енді ондағы қарды арнайы техникалар мен жұмысшылар тобы күрейді. Ал бұрын бұл істі пәтер иелері кооперативтері мен МИБ атқарып, аула сыпырушыларды жалдайтын.
«Бұрын аула сыпырушы өзінің ауласын ғана тазалайын. Ал қазір жаңа жылдан бастап, барлық жерді тазалайды. Уақытында, жұмыс жақсы жүріп жатыр», – деді қала тұрғыны Женя Бәйкешова.
Техника мен жұмысшылар тобын аудан әкімдіктері келісімшарт жасасқан мердігер ұйым ұсынады. Анықталғандай, бюджеттен бөлінетін қаражат шаһар бойынша 4 мыңнан астам ауланы тазартуға жұмсалады.
«4 мезгіл бойы 10 мердігер ұйым жылдың аяғына дейін жұмыс істейтін болады. Жұмыс уақыты сағат 8:00-17:00, күнделікті. Аудан бойынша 500-ден астам жұмысшы, 47 техника бар», – деді Әуезов ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жайық Шәлтен.
Айта кетсек, мердігерлер саны әр ауданның аумағына байланысты әртүрлі. Сондай-ақ тазарту жұмысы жекеменшік территорияларда жүргізілмейді.
«Қазір бізде аудан бойынша 594 аула бар. Онда 6 мердігер компания жұмыс істеп жатыр. 8 аулаға тұрғын үй салынған. Олар ауланың тазалығына өздері жауапты», – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Айдос Бекетаев.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, дәл қазір мердігерлермен келісімшарт 1 жылға емес, 2 айға ғана жасалған. Осы аралықта компания жұмысты сапалы істей алатынын дәлелдеуі тиіс. Тұрғындар тарапынан шағым болса, олар аудан әкімдігіне жүгіне алады.
Оразай Нұртайұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы