Инспекторларға шабуыл жасаған браконьерлер ұсталды

24.07.2019 14:37

Күдіктілер әкесі мен ұлы болып шықты

Ақмола полицейлері ізін суытпай Ақмола тірек пунктінің «Охотзоопром» РМҚК Орталық аймақтық филиалының инспекторларына шабуыл жасаған күдіктілерді құрықтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Күдіктілер әкесі мен ұлы болып шықты. Олар Арқалық қаласында тұрады.

«45 жастағы күдікті мен оның 20 жастағы ұлы, екеуі де Арқалық қаласының тұрғыны болып шықты, полициядан жасырынып, автокөліктен құтылуға тырысты, алайда Ақмола жедел уәкілдерінің үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында олар Қостанай облысының аумағында ұсталды», - делінген хабарламада.

Еске салайық, 23 шілдеде Ақмола тірек пунктінің «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Орталық аймақтық филиалының инспекторлары Жарқайың ауданының аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзуды анықтау және жолын кесу бойынша іс-шараларды өткізу кезінде ақбөкенді ату фактісі анықталған. Браконьерлердің автомашинасын қуу кезінде екі инспектор жараланып, кейіннен біреуі қайтыс болған. 1975 жылы туған екінші жәбірленуші аудандық ауруханаға жатқызылды.

Дереу Ақмола полицейлері күдіктілерді ұстау бойынша іс-шаралар кешенін жүргізіп, ұстау жоспарын енгізді. Арнайы операцияға Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамы қатысты, Жарқайың және көршілес аудандардың аумағында 10 бекет блогы қойылды.

Бұл қылмыстың ашылуы ішкі істер министрі мен полиция департаменті басшылығының бақылауында болды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.