Қаражатсыз қайырымдылық: Алматыда соңғы жылдары заттай көмектесетіндер көбейген

almaty.tv
almaty.tv
Арнайы дүңгіршекке тұрғындар қандай заттар қалдырады?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаражатсыз да қайырымдылық жасауға болады. Бастысы ниет керек. Алматыда соңғы жылдары өзінен артылған затты өзгеге беру үрдісі жақсы дами бастаған. Мәселен, қаланың әр жерінде орналасқан қайырымдылық дүкендерінен тегін заттар алуға мүмкіндік бар. Ал, арнайы дүңгіршекке тұрғындар қандай заттар қалдырады? Мұндай қабылдау орындары қайда және қалай жұмыс жасайды? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың сюжетінде.

Бұл – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан ашылған «Көмек шоп» қайырымдылық дүкені. Бес жыл жұмысын бастаған ұйым төрт мектеп интернаты, бес балалар үйі және қарттар үйіне жәрдемдесіп жүр. Дүкенге осы уақытқа дейін 400-дей студент жұмылдырылған. Төтенше жағдай кезінде де Қазақстанның әр аймағында тұратын студенттер арқылы мұқтаж жандарға гуманитарлық көмек көрсетіліпті.  

«ҚазҰУ-дегі мұқтаж студенттерге және қаладағы мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында ашылған болатын. Және де осы жерге студенттер, тұрғындар өздерінің керек емес заттарын осы жерге алып келеді. Біз оны реттеп, мұқтаж жандарға тарататын боламыз», – деді «Көмек шоп» қайырымдылық дүкенінің негізін салушы Бағдат Әмзебек.

Ал, «Тепло» ұйымының жәшіктерін қаламыздың барлық ірі сауда орындарынан табуға болады. Қайырымдылық ұйымы үш жарым жылдан бері жұмыс істейді. Игілікті жоба аясында үш жүз мыңнан аса мұқтаж жанға көмек көрсетіліпті.

«Осы уақытқа дейін мұқтаж жандардың үлкен базасы жиналды. Сондай-ақ, әр жәшіктің сыртында біздің нөмірлеріміз жазылған. Сайтымызға да көмек алу үшін өтініш қалдыруға болады», –  деді «ТЕПЛО» қоғамдық-қайырымдылық қорының негізін салушы Тимур Бегайдаров.

Кез келген мұқтаж жандарға көмектесемін деген ниет білдіруші мынадай қайырымдылық жәшіктеріне киім-кешегін өткізе алады. Әрі қарай бұл заттар сарапталып, тұрмысы төмен жандарға жөнелтіледі.

Қала тұрғыны Гүлнәр Тұмарбаеваның бұл орынға осымен екінші рет келуі. Немерелері күн санап өскен сайын, оларға тар болып қалған киімді осында өткіземін дейді.

«Менің ойымша, мүмкіндік болса көмектесу қажет. Егер артық таза, тозбаған киімдер болса, осында тапсырған дұрыс. Қазір оңай кез емес, пандемия өршіп тұр. Жұмыссыздардың да саны көбейіп жатыр», – деді қала тұрғыны Гүлнәр Тұмарбаева.

Сонымен қатар, қалада Орманов көшесі 76 үй маңында «Всё за спасибо» атты дүкен де бар. Жобаның негізін ағайынды азаматтар қалаған. Қазір бұл орынды олардың 90 жастағы әжесі қарап отыр екен.  Киім-кешек өткізетін арнайы жәшікке күніне шамамен 8 адам зат қалдырады дейді.

«Олар келіп дүкенде не бар екенін сұрайды. Мұнда көйлектер, шалбарлар мен жейделер көп. Өздері қарап, таңдап алады», – деді «Всё за спасибо» қайырымдылық дүкенінің өкілі Людмила Троян.

Алматылықтардың мұндай орындарға керек емес заттарын қалдыру үрдісі соңғы жылдары көбейген. Себебі өзіне артылған киімнің өзгеге жарайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан олардың пікірінше жақсылық бар жерде тапшылық болмайды.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, Қобылан Әлдибеков, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы


Новости партнеров