Алматыға келген британдық комиссияның ол елдің парламентіне де, үкіметіне де еш қатысы жоқ. Бұл туралы Ұлыбритания елшілігі мәлімдеді. Ал бұған дейін комиссияны Bindmans LLP деп аталатын жеке заңгерлік компанияның құрғаны белгілі болды. Шетелдік биресми делегация біздің елге не мақсатпен келді? Олардың қызметін кім қаржыландырады? «Алматы» теларнасының тілшісі анықтап келді.
«Ұлыбританиядан келген комиссияның өткізген конференциясында барлық БАҚ өкілдері ашық түрде қатыса алады делінген еді. Десе де, мұнда көбі кіре алмай сыртта қалды. Бұл жағдайға қатысты сұраққа шетелден келген заңгерлер бүлк етпестен барлығы онлайн да, оффлайн да қатысты деп отыр», – деді тілші Жадыра Омаржан.
Шетелдік компания журналистермен алғашқы кездесуін Алматыдағы бес жұлдызды қонақ үйдің бірінде өткізді. Ұйымдастырушылар БАҚ өкілдерін алдын-ала тіркеп қойған. Ал баспасөз конференциясына қатысушылар кіреберісте жіті тексерістен өткен. Біразы ішке кіре алмай, сыртта қалды.
Кездесу басында комиссия мүшелері мұнда «Қаңтар оқиғасына» және белсенді Жанболат Мамайға қатысты қылмыстық іске тергеу жүргізу үшін келгендерін айтты. Солай-ақ болсын делік, бірақ күдік тудырғаны - қатысушылардың бірі, өзін Кен Макдональд деп таныстырған Лордтар Палатасының мүшесі кей дерек көздерінде Ұлыбританияның бас прокуратурасында қызмет етіп жүргенінде жемқорлық әрекетімен жұмыстан қуылған екен. Әрине, қазақстандық журналистерді бұл сұрақ мазаламай қоймады. Десе де, Макдональд мырза бұл ақпаратты теріске шығарып, мемлекеттік органдармен әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, комиссияның жұмысына Bindmans LLP халықаралық заңгерлік компаниясының жетекшісі Тайаб Али және өзге де мамандар жұмылдырылған. Осы тұста орынды сұрақ туындайды. Неліктен шетелдік компанияға Қазақстандағы саяси жағдай қызық бола қалды? Олардың тәуелсіз тергеу жүргізуіне заңдық тұрғыда кім рұқсат берді? Бастысы, комиссия мүшелерін кім қаржыландырып отыр? Шетелден келгендер бұл сұрақтарға жауап беруден бас тартты.
Шетелдік компанияға Қазақстан азаматының демеушілік ететіні туралы да мәлімет бар. Алайда оның кім екенін және комиссия мүшелеріне қанша қаражат жұмсағанын баспасөз конференциясына қатысушылар коммерциялық құпия деп, айтпай қойды. Ал бүгін Ұлыбритания елшілігі Алматыға келген британдық комиссияның ол елдің парламентіне де, үкіметіне де еш қатысы жоғын мәлемдеді. Демек, бұл біреудің жеке бастамасы болып тұр. Оны еліміздің ішкі істеріне араласу деп бағалауға толық негіз бар.
Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы