Алатау ауданында көмекке мұқтаж 30 отбасына азық-түлік таратылды

06.06.2020 04:18

«Біз біргеміз» қорының аясында жүзеге асты

almaty.tv

Алатау ауданында көмекке мұқтаж 30 отбасына  азық-түлік таратылды. Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорының аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар елде төтенше жағдай аяқталса да жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

400 мың тұрғыны бар ауданда қазір 35 мыңнан астам отбасы әлеуметтік осал топқа жатады. Бүгінге дейін олардың бәріне де әлеуметтік көмек кезең-кезеңімен көрсетілуде.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Бүгін кәсіпкерлер аудандағы көмекке мұқтаж 30 отбасыны әлеуметтік маңызы бар азық-түліпен қамтыды. Гүлмира Тоқтарбайқызы қазір бес баланы бағып отыр. Аналарынан ерте айрылған жас жеткіншектерді бауырына басқан. Көпбалалы отбасыға елде төтенше жағдай кезінде де барлық әлеуметтік көмектер беріліпті.

«Нұр Отан партиясынан көмек алдық, тағы да алып жатырмыз. Алла разы болсын. Пәтерде тұрып, бауырларымды қарап жатырмын. Інімнің балалары, інім жұмыс істейді», – деді Алатау ауданының тұрғыны Гүлмира ТОҚТАРБАЙҚЫЗЫ.

Ауданда 6 мыңға жуық ресми тіркелген мүгедек азаматтар бар. Гүлнәр Сабирова 2 мүгедек баланы асырап отырған ана. Балаларының жәрдемақысымен күнелтіп отырған отбасы үшін бұл үлкен көмек болғанын айтады.

«Бұл – біз үшін үлкен көмек. Нұр Отан партиясы бізді ұмыт қалдырған емес. Әр кез хабарласып, керегімізді сұрап отырады. Жомарт жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ», – деді Алатау ауданының тұрғыны Гүлнәр СӘБИРОВА.

«Төтенше жағдай кезінде 6 мыңнан астам отбасыға көмек көрсетілді. Алатау әкімдігінің көмегі мен кәсіпкерлердің қолдау білдірді.  Жас Отанның еріктілері де бар. Қазіргі таңда бізге өтініштер көптеп түсіп жатыр, сондықтан шара жалғасады», – деді Нұр Отан партиясы алатау аудандық филиалының кеңесшісі Шадман СҰЛТАН.

Бұдан бөлек, осал топтағы азаматтарға «Жаңа Алатау» қоры арқылы да жәрдем жасалып жатыр. Дәл осы қор аясында 9600 алатаулық отбасыға азық-түлік себеттерімен жеке қорғану құралдары таратылған. Мұндай сауапты істер алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы