Мамандардың айтуынша, санитарлық талаптарды бұзу фактілерінің басым бөлігі демалыс күндері тіркеледі
Карантиндік шектеулерге қарамастан, шаһарда той өткізу тыйылмай тұр. Мәселен, Алматының Наурызбай ауданында өткен кезекті рейд барысында мониторингтік топ «Қыз ұзату» тойының үстінен түсті. Мамандардың айтуынша, санитарлық талаптарды бұзу фактілерінің басым бөлігі демалыс күндері тіркеледі екен. Ал, карантиндік ережелерді елемей, бірнеше рет тәртіп бұзған букмекерлік кеңсе басшысы қандай жаза арқалайды? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.
Рейд барысында астыртын жұмыс істеп тұрған букмекерлік кеңсе анықталды. Сырттай қарағанда барлығы жабық көрінгенімен, ғимарат ішінен әуен дыбысы естіліп тұрды. Ал мекеме қызметкерлері есікті ашудан бас тартты.
Тәртіп сақшылары ішке кіргенше, кеңсеге келушілер ізін жасырып үлгерген. Алайда үстелдерде қалып қойған сусындар мен темекі қалдықтарынан мұнда бірнеше қонақтың болғаны анықталды. Белгілі болғандай, осыған дейін бұл букмекерлік кеңсе карантиндік ережелерді бірнеше рет бұзған. Егер бұрын мекеме иесіне тек ескерту жасалса, енді бірнеше рет анықталған заңсыздықққа байланысты басшыға қомақты айыппұл салынуы мүмкін.
«Уәкілетті органға қатысты әкімшілік бұзушылық туралы Кодекске сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады. Қазіргі таңда елде қабылданған қаулыға бағынбай тәртіп бұзған кәсіпкерге хаттама толтырылды», – деді Наурызбай ауданы Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Жәнібек Сағыт.
Ал аудандағы ірі мейрамханалардың бірінде шамамен жүз адамдық тойдың өт жасалған. Қонақтардың ешбірі бетперде тақпаған. Арақашықтық та сақталмаған. Келгендер тарқатылып, карантин режимін сақтамай, көпшілікті жинаған кәсіпкерге хаттама толтырылды.
«Бізде Наурызбай ауданы бойынша 4 мониторингтік топ жұмыс істейді. Күн сайынғы негізде жұмыс сенбі мен жексенбі күндері де жүргізіледі. Негізінен, саудагерлер арасындағы санитарлық талаптарды сақтамау және нысандардың уақыттық шектеуді бұзу фактілері жиі тіркеліп жатыр», – деді Наурызбай ауданы Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Жәнібек Сағыт.
Рейд соңында мониторингтік топ базарға бас сұқты. Алғашында тәртіп сақшыларын байқамаған сатушылардың басым бөлігі қолғапсыз не бетпердесіз сауда жасап тұрды. Саудагерлерге бас санитардың қаулысы түсіндіріліп, ескерту жасалды. Ал тәртіп тағы бұзылса жеке тұлғаларға 30 АЕК, заңды тұлғаларға шамамен 640 мың теңге айыппұл жазылады.
Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы