Елімізде еңбек өтілі 10 жылдан асқан, бірақ 20 жылға жетпеген 340-қа жуық әскери қызмет зейнеткері баспанамен қамтылған. 2018 жылға дейін әскери қызметшілердің бұл санаты зейнетке шыққаннан кейін тұрғын үйді жекешелендіре алмаған еді. Олар ұзақ уақыт бойы жабық әскери қалашықтарда, белсенді құрамға арналған тұрғын үйде тұруға мәжбүр болды. Заңмен берілген мүмкіндікті кім және қалай пайдаланып жатыр? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Қаладан-қалаға жұмыс бабымен ауыстырылып отыратын әскерилерге зейнетке шыққан соң өз баспанасын алу қиындық тудыратын еді. Осыдан 3 жыл бұрын тұрғын үй заңнамасына енгізілген түзетулердің арқасында оларға жекешелендіру арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан басқа тұрғын үйге айырбастау құқығы берілді. Осындай мүмкіндікті мүлт жібермегендердің бірі Кенжағазы Бақтыбаев. Ол елордадан пәтер тауып Аягөз қаласынан көшіп келген.
«2018 жылы Заңға өзгеріс енгізгеннен кейін үй алмастыру бойынша жабық қалашықтан астанаға келіп үйді қарап, көп пәтерде араладық. Сосын өзіме ұнаған осы үй болған соң, осы үйді алдық кілтін. Қалған зейнеткерлерге, өзімнің бұрынғы әріптестеріме осындай үй бұйырсын деп тілеймін», – деді әскери зейнеткер Кенжағазы Бақтыбаев.
Ал Светлана Геворкян 15 жыл уақытын әскери медицинаға арнаған. Алматы қаласында 15 шаршы метр аядай бөлмеде тұрып келіпті. Заңға өзгеріс енгізілгенде елордаға ойланбастан көштім дейді.
«Әрине, Алматыны сағынам. Тауларын сағынамын. Ауа райы бөлек. Бірақ еш өкінбеймін. Алған баспанам да жайлы, жылы. Жақсы жерде орналасқан. Үйреніп қалдым. Осындай мүмкіндік берген Үкіметке Қорғаныс министрлігінің басшылығына алғысым шексіз», – деді әскери зейнеткер Светлана Геворкян.
Зейнеттегі әскери қызметкерлерге Қорғаныс министрілігінің балансындағы үйлер ресми сайт арқылы ұсынылады. Жабық қалашықтан ашық қалашыққа айрбастап, жекешелендіргенде нарық соммасындағыдай емес, бар болғаны пәтердің қалдық құнын төлейді.
«Бірден төлеу оларға керек емес, өйткені олардың сол пәтерде тұруға құқығы бар. Содан кейін олар әр жыл сайын екі пайыз азайған соң, өзінің жағдайына қарайды ғой, ақшасы жиналғаннан кейін олар жекешелендіре алады. Қазіргі уақытта олар 30 пайызын төлеп, қалған 70 пайызын 10 жылға бөліп төлейді», – деді ҚР Қарулы күштері әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының аға офицері Дәуренбек Жұмабек.
Айта кетейік, аталған санат бойынша 742 әскери қызметшіге баспананы жекешелендіру мүмкіндігі берілген. Бүгінде олардың тең жартысы елдің қалаған қаласынан үй тауып тұрып жатыр.
Асылбек Тойбек